Қостанайда сайлау процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған – халықаралық байқаушы

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде сайлауды бақылау нәтижелеріне арналған брифинг өтті. Оған Челябі облысының сайлау комиссиясының төрағасы Сергей Обертас және Челябі облысының ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алексей Ильиных қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық байқаушылар Қостанай облысының үш қаласындағы сайлау учаскелеріне барды. Сапар мақсаты – парламенттік сайлау процесін бағалау және тексеру. Ресейлік меймандар астықты аймақта сайлау процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Бұл ретте қостанайлықтардан үйренеріміз бар. Әсіресе сайлаушылар тізімін құрған кезде техникалық мүмкіндіктер жақсы пайдаланылған. Сондай-ақ бюллетеньдерді беру журналын толтыру үшін трафаретті қолданған. Бұл да тиімді әдіс. Жалпы сайлау процесі кезінде тұрғындарға қысым көрсетілген жоқ. Халық емін-еркін жүріп-тұрды», - дейді Алексей Ильиных.

Ресейліктер барлық сайлау учаскелерінде қолайлы санитарлық жағдайлар жасалғанына тоқталды.

«Біз сайлаушы болмасақ та, учаскелердің кіреберісінде бактерияға қарсы кілемше тұрды, термометрия процедурасынан өтіп, қолымызды зарарсыздандырдық. Бізге де, дауыс берушілерге де қорғаныс құралдары бар жеке пакет берілді», - дейді Сергей Обертас.

Байқаушылардың айтуынша, сайлау комиссиясының мүшелері іскерлік тұрғыдан жақсы дайындалған. Ауа райының қолайсыздығы, қардың мол түсуі сайлаушыларға кедергі болған жоқ. Коммуналдық қызметтер уақтылы тазалық жұмыстарын жүргізіп отырды.


Соңғы жаңалықтар