Қостанайда рухани жаңғыру мәселесі талқыланды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат -Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының облыста жүзеге асырылуы аппарат мәжілісінде талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рухани жаңғыру мәселесі аясында өңірде үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап 940 мың адамды қамтыған 6298 іс-шара өткізіліпті. Бағдарламаны халық арасында насихаттау жұмыстарын одан әрі күшейту мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған ақпараттық топ барлық ауданда түсіндіру жұмыстарын жүргізген.  

«Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын сыртқы үгіт-насихат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 140 билборд, 176 баннер және 17 керме, 1371 постер орнатылды. Оған қоса «Рухани жаңғыру - Қостанай» атты мобильдік қосымша жұмыс істейді. Ал ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аз жүргізілген Науырзым, Жітіқара, Қамысты, Ұзынкөл аудандарының әкімдіктеріне хабарлама жіберілді», - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев өз баяндамасында.

Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетов ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына мән бермей отырған аудан әкімдерін сынға алды.

«Ұзынкөл ауданында небәрі 41 іс-шара өткізіліпті. Бағдарламалық мақала сәуір айында жарияланса да, визуалдық ақпараттық жабдықтар әлі ілінбеген. Бұл мәселе Қамысты мен Федоров аудандарына да қатысты. Көрсеткіштер төмен. Түсіндіру жұмыстары сапалы жүргізілсін! Олқылықтың орнын толтырыңыздар» - деді Архимед Бегежанұлы.

«Атамекен» бағдарламасы негізінде өңірде құны 3 млрд 340 млн теңге болатын 349 жоба қолға алынды. Оған Қостанай ауданындағы Озерное селосындағы мәдениет үйінің күрделі жөнделуі, Жітіқара ауданындағы стадион құрылысы, Әулиекөлдегі екі шағын орталықтың ашылуы сияқты бірқатар маңызды жобалар кіреді. Әкімдік 164,7 млн теңгені құрайтын 80 меморандумға қол қойды.

Облыс әкімі отырысты қорытындылай келе, мақалада айтылған міндеттемелердің жүзеге асуына күш-жігер жұмылдыру, визуалдық ақпараттық жабдықтарды көбейту керектігін баса айтты.

 

Соңғы жаңалықтар