Қостанайда робот техникасы фестивалі өтіп жатыр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласында робот техникасы және автоматика бойынша фестиваль басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш фестиваль осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Бұл жолғы жарыс «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында өтуде. Алдымен, оқушылар мен колледж, ЖОО студенттері спорттық робот техникасы бойынша сынға түсті. Олар өздерінің ғылыми жұмыстарын бес бағыт бойынша ұсынуда. Олар: кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, жарық және жылу энергетикасы, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, «ақылды» қалалар. Қостанай политехникалық колледждің 3-курс студенті Никита Пушненконың айтуынша, мұндай жарыстар өңірдегі робот техникасының дамуына түрткі болады.

«Мен «Ақылды саяжай» деп аталатын ғылыми жұмысымды әкелдім. Мұнда мен саяжайды адам көмегінсіз, автоматты түрде басқаруға болатынын көрсеткім келді. Мен нобайын жасаған саяжай арнайы датчиктер арқылы алыстан басқарылады. Арнайы құрылғы арқылы саяжайдың ішкі температурасы есептеліп шығарылады», - дейді фестивальға қатысушы Никита Пушненко.  

М.Дулатов атындағы инженерлік-экономикалық университетінің оқытушысы Владимир Мадин айтқандай, робот техникасы және автоматика фестиваліне 100-ден астам оқушы мен студент қатысуда.

«Студенттер бұған дейін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында өткен «WorldSkills Kazakhstan 2018» байқауына қатысты. Сайыс 15 номинация бойынша өтті. Робот техникасының шеберлері өз жұмыстарында «Дәнекерлеу технологиясы», «Шаштараз өнері», «Кескіндеме және сәндік жұмыстар», «Жүк машинасына қызмет көрсету», «Жеңіл автокөлікке қызмет көрсету, жөндеу» және «Медициналық және әлеуметтік күтім» сияқты салаларды қамтыды. Байқауға қаламыздың барлық колледждерінен 113 студент қатысқан. 14 қатысушы қола жүлдені иеленсе, күміс жүлдені - 15, ал алтын жүлдені 16 оқушы жеңіп алды», - деді В.Мадин. 

Айта кету керек, жақында М.Дулатов атындағы инженерлік-экономикалық университет базасында цифрлы академия құрылды. Мұнда «Автоматика және робототехника» сабағы оқытылады.

Соңғы жаңалықтар