Қостанайда президент сайлауына қатысты сарапшылар отырысы өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай мемлекеттік университетінде үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары «Президент сайлауы - 2019: рөлі мен маңызы» атты дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға облыстың ғылым саласы қызметкерлері мен қоғам белсенділері шақыртылды. Университет ректоры Алма Дощанованың сөзінше, алдағы президент сайлауы маңызды әрі уақтылы шешім.

«Бұл ел тарихындағы маңызды қадамдардың бірі болатыны сөзсіз. Сондықтан сайлауға дейін түсіндірме жұмыстарының сауатты жүргізілгені дұрыс. Бұған үкіметтік емес ұйымдардың қосатын үлес жоғары. Ғылым саласындағы тәжірибелері бар ғалымдар да тұрғындардың сауалдарына жүйелі жауап берген жөн. Насихат жұмыстарына нағыз шебер мамандар тартылады. Сарапшы пікірі сол үшін де керек. Біздің де жиналып отырғанымыздың себебі осы», - дейді ректор.

Ал профессор Әлімжан Бекмағамбетов азаматтық қоғам институтының белсенділері саяси тұрғыда сауатты деп есептейді.

«Елбасы негізін қалап кеткен стратегиялық курсты дамыту осы азаматтық қоғам белсенділерінің қолында. Түрлі форматтағы басқосуларды өткізу үшін үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі керек екені рас. Солардың бірі - түсіндірме жұмыстары. 9 маусым күні ел өмірінде маңызды оқиға болатыны белгілі. Қоғам белсенділерін осынау даталы оқиға кезінде тасада қалып қоймауларын сұраймыз. Меніңше, Қостанай өңірі сайлау науқанына белсенді қатысып, азаматтық ұстанымын білдіреді», - дейді Ә.Бекмағамбетов.

Жиында белсенді жастар арасында сарапшыларды іріктеп, түсіндірме жұмыстарына қатыстыру мәселесі көтерілді. Олардың арасында жастар мәслихатының депутаттары, кәсіпкерлер мен белсенді студенттер бар.

Соңғы жаңалықтар