Қостанайда полиция волонтерлері жұмыс істей бастады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында тәртіп сақшыларына көмектесетін еріктілер тобы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Кенже Қонысбайдың сөзінше, еріктілер көшелерді патрульдеу, жоғалған адамдарды іздеу, сондай-ақ профилактикалық жұмыстарды жүргізу кезінде полицейлерге көмектеседі. Бүгін жас көмекшілерге Қостанай қаласы полиция басқармасының «Набережный» бекетінде арнайы кеудешелер мен «Полиция волонтері» куәліктері тапсырылды.


«Бұл куәліктің бір артықшылығы – келешекте жұмысқа орналасуға оң септігін тигізеді. Жалпы, полиция департаментінде 500-ден астам адам ерікті түрде көмек көрсетуде. Жыл басынан бері олар 12 қылмыс пен 400 әкімшілік құқық бұзу фактілерін анықтады. Қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене қатысқаны үшін 110 полиция көмекшісі марапатталды», - деп атап өтті жергілікті полиция қызметінің бастығы Құрмет Мәжікенов.

Полиция еріктісі Салтанат Аймұрзина куәлігін алғандардың арасында. Ол екі жыл бойы «ДОС» іздестіру жасағының құрамында белсенді жұмыс істеп келеді.

«Мен мұны азаматтық парызым деп санаймын. Біздің топ жоғалған адамдарды іздеу бойынша іс-шараларды белсенді жүргізеді, сондай-ақ мұқтаждарға көмектеседі. «Полиция волонтері» атағы одан әрі жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді, өйткені біз осы мамандықтың қыр-сырын қазірдің өзінде меңгеріп үлгердік», - дейді Салтанат Аймұрзина.

Полиция волонтерлері қаланың орталық бөлігін қамтитын «Набережный» тірек пунктінде өз жұмысын бастайды.


Еске салсақ, еріктілер қозғалысының маңызы жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткен болатын. Осы жыл елімізде еріктілер жылы болып жарияланғаны мәлім.



Соңғы жаңалықтар