Қостанайда өрттен зардап шеккен 13 отбасыға көмек көрсетіледі - әкімдік

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда өрттен зардап шеккен отбасылар саны көбейе түсті, оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жайт қала көлеміндегі төтенше жағдай болып есептеледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қостанай қаласындағы Набережная көшесінде 12 тұрғын үй, шаруашылық нысандары, 3 жеңіл көлік пен 1 жүк көлігі өртеніп кетті. Бұл жайт қала көлеміндегі төтенше жағдай есебіне жатқызылды. ТЖ салдарын жою бойынша қалалық штаб пен комиссия отырыстары өтті. Мемлекеттік органдарға зардап шеккендерге жылдам көмек көрсету жөнінде тапсырмалар берілді»

, - деп хабарлады қала әкімдігінен.


Өртенген мүліктің бағасын есептеу мақсатында жедел комиссия құрылып, оған тәуелсіз сарапшылар тартылды. Комиссия қорытындысын қысқа мерзімде шығару міндеттелді.

«Қазіргі мәліметтер бойынша 13 отбасы зардап шекті. Оларда 13 кәмелетке толмаған бала бар, оның 7-еуі – оқушы. Адамдарды уақытша орналастыру үшін «Дружба» сауықтыру орталығы дайындалып, кеше кешке оған 5 адам жайғастырылды. Қажетіне қарай, яғни қалалық штбақа жүгінетіндер болса, тағы да жіберіледі. Адамдар тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр. Алғашқы көмек ретінде әр отбасына 200 мың теңгеден берілді»

, - деп толықтырды әкімдік.

Қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен зардап шеккен отбасылардың әрқайсысына 70 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы бөлінеді.

Бүгін зардап шеккен тұрғындармен облыс әкімінің бірінші орынбасары Гауез Нұрмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасарлары Виктор Ионенко және Ерлан Спанов, сондай-ақ қала әкімінің орынбасарлары, ТЖБ, ЖПҚ мен тиісті мемлекеттік органдардың басшылары кездесті.

ТЖ салдарын жою жөніндегі жедел штаб жұмысы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың тұрақты бақылауында.


Бұған дейін Қостанайда көше бойына жайылған өрттен кейін 11 отбасы баспанасыз қалғаны хабарланған.


Соңғы жаңалықтар