Қостанайда өртеніп жатқан үйден 7 адам құтқарылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда жанып жатқан көп қабатты үйдің тұрғындары құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін сағат 09.55-те Қостанай қаласында бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.

5 минуттан кейін оқиға орнына Қостанай қаласының № 5 өрт сөндіру бөлімінің 10 қызметкері мен 3 өрт сөндіру техникасы жетті. Құтқарушылар келгенде үйдің кіреберісінен қатты түтін шығып жатты. Түтін пәтерлерге тез тарала бастады. Адамдардың тыныс алуы қиындап, өмірлеріне қауіп туды.

Бірінші болып түтін аймағына құрамында 3 арнайы маманы бар газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны кірді. Олар жанып жатқан 30 шаршы метр ауданда жұмыс істеді», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.

Өрт сөндірушілер баспалдақтар арқылы 12 ересек адамды және 5 баланы эвакуациялады. Сонымен қатар, жанып жатқан үйден 7 адам құтқарылды, оның ішінде 3 бала болған.

Өрт сағат 10.27-де толығымен жойылды.


Мамандар өрттің шығу себебін анықтауда. Қостанай облысының ТЖД тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске салады. Отты пайдалануда абай болыңыздар, қосылған электр және газ аспаптарын қараусыз қалдырмаңыздар.


Соңғы жаңалықтар