Қостанайда өртенген қару-жарақ дүкенінің жертөлесінен ер адамның денесі шығарылды

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда қару-жарақ дүкені өртеніп, ғимараттың жертөлесінен ер адамның денесі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жертөледен ер адамның денесі шығарылды, оның жеке басы әзірге анықталған жоқ. Сонымен қатар, қалалық ауруханаға 1981 жылы туған ер адам жеткізілді», - деп мәлімдеді облыстық ТЖД-дан.

Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, қару-жарақ дүкеніндегі өрттен 7 адам зардап шеккен.

«Жеті адам зардап шекті, олардың алтауы түрлі деңгейдегі күйікпен стационарға жеткізілді, біреуі ауруханаға жатудан бас тартты», - деп хабарлады басқармадан.

Оқиға орнына 6 жедел жәрдем бригадасы жөнелтілген. Өрт болған маңайдағы тұрғындарға да медициналық көмек көрсетілді. Тұрғындар негізінен қан қысымының көтерілуі мен бас ауруына шағымданған.

Айта кетсек, бүгін сағат 11:20-да Қостанай қаласындағы Назарбаев даңғылында орналасқан «Оружейная палата» дүкенінің ғимараты өртенді. Жалын оның жанындағы көлік жөндеу стансасының шатыры мен асхана ғимаратын да шарпыды.

ТЖМ баспасөз қызметі қару-жарақтың жарылуына байланысты құтқарушылардың дүкен ішіне өте алмай жатқандығын жеткізген еді. Ал, дүкен иесі ғимарат жертөлесінде 2 адам барын айтқан болатын.

Белгілі болғанындай, дүкендегі өрт сағат 14:29-да сөндірілді, себебі анықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар