Қостанайда онлайн несие рәсімдеу арқылы қазақстандықтарды қомақты сомаға «сазға» отырғызғандар ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанайда онлайн несие рәсімдеу арқылы қазақстандықтарды 26 млн теңгеге «сазға» отырғызған алаяқтар ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Қостанай облыстық полиция департаменті киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері шағын несие ұйымдарының біріннен онлайн несие рәсімдеген елорданың екі тұрғынын ұстады.

«Алаяқтар әлеуметтік желідегі азаматтардың жеке мәліметтерін пайдаланып, онлайн несие рәсімдеген. Алаяқтардың іс-әрекетінің салдарынан еліміздің 12 өңірінен 210 адам зардап шеккен. Займ мөлшері 70 мыңнан 300 мың теңгеге дейін. Зардап шегушілердің басым бөлігі өз аттарына несие рәсімделгенін полиция қызметкерлерінен, ал қалғандары қарыздың жиналып қалғаны туралы СМС-хабарлама мен шағын несие ұйымдар қызметкерлерінің борышты өтеуді өтінген қоңырауларынан кейін білген», - деді басқарма басшысы.

Ресми өкілдің дерегінше, алаяқтардың кесірінен азаматтар 26 млн теңге материалдық зиян шегіп отыр.

«Қаскүнемдер ақша қаражаттарын Қазақстанның түрлі банктеріндегі виртуалды карталарға аударып, одан дейін букмекерлік кеңселерде ставка қоюға пайдаланған.Күдіктілері Қостанайдағы тергеу изоляторына қамалды», - деді Нұрділдә Ораз.


Соңғы жаңалықтар