Қостанайда нан бағасын заңсыз қымбаттатқандарға айыппұл салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов жылды қорытындылап, журналистермен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өтіп бара жатқан жыл ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болды. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, өңірде егін және мал шаруашылығында бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір өсім бары байқалады. Мұның бәрі ел экономикасын еселеп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған соны көрсеткіш екендігі анық.

Биыл қостанайлық шаруалар бітік егін өсірді. Қамбаға 5 миллион 200 мың тонна астық құйып алды. Мұның сыртында  408,6 мың тонна сүт, 95,1 мың тонна ет, 642,7 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Көкөніс пен картоп та сұранысқа жетерлік. Бұл үлкен еңбектің, жақсы дайындықтың, озық технологиялардың қайтарымы екені даусыз.

 «Болашақ өнімнің негізі дұрыс қаланғанда ғана мол  табысқа кенелуге болады. Биыл көктемде тұқым толық көлемде себілді. Пар алқаптары төрт рет өңделді, 2 миллион гектардан аса сүдігер жыртылды. Қолға қарайтын малдың бір жарым жылдық жем-азығы, сүрлем, пішен жеткілікті әзірленген. Тамақ және өңдеу кәсіпорындары 173,4 миллиард теңгенің өнімін өндірді»,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов.

Соңғы жылдары мал шаруашылығындағы оң өзгерістер айқын білінеді. Барлық түліктің саны артты, мал шаруашылығымен айналысатын агрофирмалардың қарасы көбейіп, олардың саны 1294-ке жетті. Өңір  ауыл шаруашылығына инвесторлар көптеп тартылды. Мәселен, облыс агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция 16%-ке  артып, 32 миллиард теңгені маңайлаған. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау қарқыны да жақсарды. Алқаптарды әртараптандыру ісі де едәуір жанданды.  Бидайдың көлемі қысқарып, ол барлық алқаптың 62 % -не ғана иелік етіп отыр. Керісінше бұршақ тұқымдастар 37%, жем-азық шөбі 18%, майлы дақылдар 85 % -ке ұлғайды.

Басқарма басшысы өңір  ауыл шаруашылығын дамытуда цифрландыру бағдарламасының әсері мол болғанын айтады. Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында қатар жүргізілген жұмыстар бүгінде оң нәтижесін көрсете бастады.

Жансұлтан Тәукенов айтқандай, соңғы кездері нанның бағасы қымбаттап кетті. Қала дүкендерінің кейбірінде алты жүз граммдық бір бөлке 75 теңгеге сатылады.  Дегенмен, оның өзіндік себептері бар.

«Бұрын әлеуметтік маңызды делінген азық-түліктің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін әкімдіктегілер мен  наубайшылар,сауда иелері меморандумға қол қойған  болатын. Наубайханаларға тұрақтандыру қорынан арзанға ұн беріп, барынша қолдап келген едік. Екі жылдан бері бұл бағдарлама тоқтады. Қазір нан бағасының өсуіне себеп көп. Электр энергиясы қымбаттады, былтырдан бері 3 класты бидай бағасы өскен. Өткен жылы астықтың бір тоннасы 38 000-42 000 теңге шамасында болса, биыл 55 000 теңгеден бір-ақ шыққан. Соған қарамастан формалық нан еліміздегі ең маңызды он тоғыз әлеуметтік азық-түліктің санатына енеді», - дейді Жансұлтан Тәукенов.

Оның сөзінше, бұл мәселені ауыл шаруашылығы басқармасы бақылауда ұстап отыр. Егер нан бағасын рұқсатсыз қымбаттатқандар анықталса, 200 ЕАК айыппұл салынбақ.

Соңғы жаңалықтар