Қостанайда мыңнан астам кәсіпкер бизнес ашпақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда 1140 адам кәсіпкерлік курсы бойынша білім алады. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов айтқандай, осы жылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылардың қатары артқан. Қазірге дейін кәсіпкерлер палатасы 1140 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытпақ. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен «ҚазАгрогарант» АҚ филиалына шағын несие беру үшін 252,8 млн теңге бөлінді.

«Биыл облыстың шағын және орта бизнес субъектілерін шағын несиелеу құны өсіп, 2,6 млрд теңгеге жетті. Қаржы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және Аграрлық несие корпорациясы институттары арасында бөлінді. Бөлінген қаражат бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті индикативтерді белгіледі. Жыл соңына дейін 396 шағын несие беріліп, 79 стартап жоба іске асырылады. Бұған жас кәсіпкерлер де қатыса алады. Бұл шағын несие алушылардың тізімін кеңейтуге мүмкіндік береді», - дейді Жансұлтан Тәукенов.

Ал Архимед Мұхамбетов жас кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауды тапсырды. Олар қазірден бастап тиімді мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы тиіс. Өңір басшысы қатысушыларға кредит беру өңірлердің мамандану картасына сәйкес жүзеге асырылатынын айтты.

«Қаржы институттары бүгінде 1 млрд теңге сомасына 254 өтінімді қабылдап, 204 кәсіпкерге қаржы бөлді. Кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмыстары Амангелді, Федоров және Қарасу аудандарында белсенді іске асуда. Бұл бағытта Меңдіқара, Сарыкөл, Алтынсарин және Жангелдин аудандарының көрсеткіштері төмен», - деп түсіндірді Ж.Тәукенов.

Соңғы жаңалықтар