Қостанайда меморгандардың 7 басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат — Қостанай облысында жыл басынан бері 22 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның жетеуі - мемлекеттік орган басшылары. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының баспасөз қызметі хабарлағандай, отырыс шеңберінде превенция желісі бойынша жұмыс нәтижесі, сондай-ақ жедел тергеу блоктары тыңдалды.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Қостанай облысының мемлекеттік органдары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді.

Осы жұмыс аясында облыста 500-ден астам мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жасалды.

Оның арасында қалалар мен аудандардың әкімдіктері, облыстық басқармалар, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округтер әкімінің аппараты бар.

Нәтижесінде 613 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою бойынша мыңға жуық ұсыным енгізілді.

«Бұл шаралар салалық заңдардың проблемалық мәселелерін анықтауға, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметіндегі ішкі олқылықтарды көруге, алдағы уақытта бұл мемлекеттік органдарға құқықтық алаңда жұмыс істеуге және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарының пайда болу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасов.

Есепті кезеңде Қостанай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі барлығы 42 қылмысты тіркеді, оның ішінде 39 - сыбайлас жемқорлық.


Соңғы жаңалықтар