Қостанайда мемлекеттік сатып алуды тиімсіз өткізген мекемелер анықталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының мемлекеттік мекемелері мемлекеттік сатып алуды 140 млн теңгеден астам сомаға артық өткізген. Бұл туралы Қостанай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Qostanay – adaldyq alany» жобалық офисі бірлесіп әлеуметтік және медициналық саладағы мемлекеттік ұйымдардың сатып алу жоспарларына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде мекемелердің мемлекеттік сатып алуды 140 млн теңгеден астам сомаға артық өткізгені анықталды.

«Қостанай қалалық ауруханасы 2 220 000 теңгеге кальций гипохлоритін сатып алуды жоспарлаған. Алайда өнім беруші бағаны 2 есеге төмендеткен және бұл 1 284 000 теңгені құрады. Сол себепті бюджетке 936 000 теңге қайтарылды. Барлығы 14 мемлекеттік мекемеге мемлекеттік сатып алу жоспарларындағы бағаны азайту және оларды орташа нарықтық мәнге сәйкес келтіру бойынша ұсыныстар жіберілді. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бағаны көтеру сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына жатады және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына алып келеді. Нақты бағаларды анықтау және мемлекеттік сатып алу жоспарларын тиімді қалыптастыру ел бюджетін басқа да қажеттіліктерге бөлуге мүмкіндік береді», – дейді Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов.

Ведомствода атап өткендей, мемлекеттік сатып алу мониторингі үнемі жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта 21 миллионнан астам бюджет қаражаты үнемделген.


Соңғы жаңалықтар