Қостанайда мемлекет қаржысын жымқырған департамент басшысы сотталды

None
None
  ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекет қаржысын жымқырған Қостанай облысы әділет департаментінің персоналмен жұмыс және ішкі қауіпсіздік бөлімінің басшысы Болат Қайыпов 3,5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс материалдарына сүйенсек, Болат Қайыпов 2017 жылдың қаңтарынан бастап 2018 жылғы қаңтарға дейін 3,2 млн теңге мемлекет қаржысын жымқырған. Ол жымысқы іс-әрекеттерін өзінің қызметін пайдаланып жүзеге асырды. Нақтырақ айтқанда, ол қоластындағы қызметкерлерінің іс-сапарға төленетін қаржысы мен сыйақыларын өзіне алып отырған.

«Б.Қайыпов қылмыстық іс-әрекеттері арқылы әділет департаментіне 1 млн 240 мың теңге, сондай-ақ департаменттің 14 қызметкеріне 2 млн 357 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Сотталушының кінәсі дәлелденді. Кәмелет жасына толмаған балалары бар, бұл жазаны жеңілдететін фактор болып есептеледі. Жазасын үстемелейтін себептер жоқ. Қайыповты қылмыстық іс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 4 жыл, 4 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім тағайындауыңызды сұраймын. Жеке мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттету сұралады. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін», - делінген прокурор Ермек Мүсәпіровтің айыптау актісінде.

Сот үкімі бойынша Б.Қайыпов кінәлі деп танылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде жазасын өтейді.

Бұған қоса экс-шенеунік өмір бойына мемқызметтен шеттетілді.

 

Соңғы жаңалықтар