Қостанайда қызметтік көлікті жеке мақсатқа пайдаланған әкім жазаланды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті Қостанай қаласы мен Қостанай ауданында қызметтік көліктер бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылдың 15 қыркүйегінде жұмыстан тыс уақытта (сағат 08:00 шамасында) Затобол кентіндегі Н.Наушабаев атындағы орта мектептің жанына 807 AR 10 мемлекеттік нөмірлі «Ваз 21214» автокөлігі тоқтайды. Көліктен әйел мен баласы түсіп, мектепке кіреді. Сәлден соң әйел жалғыз шығып, көлік жүргізушісімен бірге белгісіз аймаққа жүріп кеткен.

19 қыркүйектегі қайта тексеру барысында дәл осы жағдай қайталанады. Кейіннен бұл көліктің Қостанай ауданына қарасты Глазунов ауылдық округінің балансында тұрғаны, онымен ауыл әкімі Б.Е.Нұрғазиннің жүретіні анықталды.

Осы факт бойынша Б.Нұрғазинге қатысты тәртіптік іс қозғалып, департамент қызметкерлері қызметтік тексеру жүргізді.

Тәртіптік іс 2017 жылдың 28 қыркүйегінде департаменттің Әдеп жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысы аясында қаралды.

Мемлекеттік қызметшінің іс-әрекеттерінен Этикалық кодекс нормаларын сақтамағаны белгілі болды. Өз кезегінде ауыл әкімі тағылған айыпты толығымен мойындады. Жоғарыда аталған күндері облыс орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Глазунов ауылынан Н.Наушабаев атындағы мектепке жұбайы мен баласын әкеліп тастағанын айтты.

Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті  жеке мақсатқа пайдаланған әкімге ескерту берілді.

Соңғы жаңалықтар