Қостанайда күдіктінің пәтерінен 20 келіден астам марихуана тәркіленді

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай полицейлері жергілікті тұрғынның пәтерінен 20 келіден астам марихуана тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс аумағында «Рефлекс» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Мақсаты – есірткі құралдары мен синтетикалық психоактивті заттардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейту.

«8 қарашада жедел іздестіру іс-шаралары барысында «Бүркіт» арнайы жасақтарының қатысуымен бір мезгілде есірткі саудасымен айналысты деген күдікпен Қостанай қаласының бес тұрғыны ұсталды. Ұсталғандардың бірінің үйінен 45 полиэтиленге оралған түйіншек, сондай-ақ ерекше иісі бар, жасыл түсті зат салынған көлемді қап тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 20 келі болды. Әрі қарай тексеру кезінде арнайы жабдықталған екі жылыжай бөлмесі табылды. Онда қарасора өсімдіктері топырақ қосылған құмыраларда жарықтандыру шамдарының астында өсірілген», - дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.

Кейін ұсталғандардың бірінің балконынан қарасора өсіруге арналған плантация анықталды. Балконның қабырғалары жарыққа шағылысатын матамен қапталған, бөлме жылытқыштармен, жарықтандыру құрылғыларымен және желдеткішпен жабдықталған, 9 құмырада марихуана өсірілген.

«Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен (Есірткі құралдарын өткізу) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалды», - дейді Е. Омарбеков.

Биыл өңірде 200 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 555 грамнан астам героин, 18 келі 450 грамм гашиш, 1 келіден астам синтетикалық препараттар заңсыз айналымнан алынды.


Фото: polisia.kz

Соңғы жаңалықтар