Қостанайда кремний карбидін өндіретін зауыттың құрылысы басталды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Лисаков қаласының әкімі Алмат Исмағұлов журналистермен брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Лисаков қаласында 2020 жылдың 11 айында 50 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Атап айтқанда, сүт өндірісі - 32%, металл құрылғыларының өндірісі - 31% артты.

Машина жасау секторында да өсім бар. 542 дестелегіш құрастылып, егіс кешендерінің өндірісі 4 есе ұлғайды.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 21 млрд теңгені құрады. «Бобровский Кварцит» жеке шаруа қожалығы 8 млрд теңгеге кремний карбидін өндіретін зауыттың құрылысын бастады. Алдын ала болжам бойынша зауыт жылына 34 мың тонна кремний карбидін өндіреді. Нәтижесінде қаланың 175 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасады. Бұдан бөлек, қаладағы шағын аудандардың бірінде құны 430 млн теңгені құрайтын спорттық-ойын-сауық паркінің құрылысы жүргізілуде. Коронавирус пандемиясына байланысты саябақтың пайдалануға беру мерзімі 2021 жылға ауыстырылды», - деді Алмат Исмағұлов.

Лисаков қаласының тұрғын үй құрылысы саласында да ілгерілеу бар. Осы жылы өңірде 9254 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 3,3% артық. Жеке инвестиция есебінен жергілікті инвестор 16 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй салып жатыр.

Қалада «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 105,7 млн теңгеге 10 жоба мақұлданған. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасына 103 млн теңге бөлінді.

Лисаков тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне толықтай қосылмақ. Қазір 11,5 шақырым болатын магистральдық су құбырларын қайта жаңарту бойынша екі жылдық жобалар басталды. Ауқымды жұмыстарға 560 млн теңгеден астам қаржы бағытталды.

Соңғы кездері қала тұрғындары медициналық нысандардың жұмысына сын айтып, қала әкімінің блогына хаттар жазған болатын.

Қазір орталық аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша кешенді шаралар қолға алынды.

Қалалық ауруханаға 4 санитарлық автокөлік және демеушілік көмек бойынша 1 реанимобиль, медициналық жабдық, 4 жаңа Hyundai маркалы автокөлік сатып алынды.

Лисаковта дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының 3 айлық қоры бар.


Соңғы жаңалықтар