Қостанайда көпқабатты үй өртеніп, екі адам зардап шекті

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында көпқабатты тұрғын үй өртеніп, бірнеше адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«17 қараша күні сағат 23:28-де Қашар кенті 13-ӨСБ кезекші пультіне көпқабатты тұрғын үйдегі өрт туралы қоңырау түсті. Оқиға туралы жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері хабарлады. Құтқарушылар 5 қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатындағы пәтердің жанып жатқанын анықтады. Өрт шамамен 10 шаршы метр аумақты шарпыды. Түтін көрші пәтерлерге тарала бастады», - делінген ведомство хабарламасында.

Өрт сөндірушілер еденде жатқан 60 жастағы пәтер иесін алып шықты. Оның екі қолы, кеудесі мен арқа бөлігін күйік шалған. Сондай-ақ құтқарушылар иіс тиіп уланған 79 жастағы әйелге көмекке келді. Ол баспалдақ алаңынан табылды.

Тағы 20 адам баспалдақ арқылы қауіпсіз аумаққа эвакуацияланды.

Жедел жәрдем көлігі зардап шеккен екі адамды жергілікті ауруханаға жеткізді.

«Олардың біреуінің жағдайы - орташа ауырлық деңгейінде», - дейді ТЖД-ның баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.

Тұрғын үй өртін сөндіруге Қостанай облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 7 адам және 2 арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары жұмыс істеді. Өрт сағат 23:59-да толықтай сөндірілді. Оқиға себебі анықталуда.


Соңғы жаңалықтар