Қостанайда көпбалалы отбасыларға пәтер алу үшін 84 млн теңге бөлінеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында ауылдарда тұратын көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Партия жиынына қатысқан Архимед Мұхамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақ әкімдерінің алдына маңызды бірқатар міндеттер қойғанын айтты. Солардың бірі - көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жағдайы. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың баяндамасына қарасақ, өңірде 17 отбасы саяжай алқаптары мен уақытша лашықтарда, 10 отбасы қамыстан жасалған үйде, 360 отбасы жалдамалы тұрғын үйде және 36 отбасы жатақханада тұрады. Міне, аталған отбасылар бірінші кезекте әлеуметтік көмектерге ие болады.

«Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау жөнінде бірнеше бағыт бойынша жоспар құрдық. Атап айтқанда, ірі компаниялар мен кәсіпкерлер есебінен пәтерлер бөлу, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру, тұрғын үйге бастапқы жарнаны субсидиялау, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй санын көбейтуді басты назарға алдық. Кейбір компаниялар бұл көмекке өздері ниет білдіріп отыр. Бүгінде қостанайлық кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің белсенді азаматтық ұстанымының арқасында 10 көпбалалы және аз қамтылған отбасыға тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмек көрсетілді», - деді басқарма басшысы.

«7-20-25» бағдарламасы шеңберінде көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үйге бастапқы жарнаны субсидиялау шеңберінде 84,0 млн теңге сомасында пайызсыз қарыз беріледі.

Гүлнар Әбенованың сөзінше, бұл қаражат 135 пәтер сатып алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына ай сайын 20 789 теңге мөлшерінде кепілді көмек төленеді.

Тағы бір жағымды жаңалық, Қостанай облысында ауылдарда тұратын көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Бұл мәселе облыс әкімінің есеп беру кездесуінде де айтылған еді.

Соңғы жаңалықтар