Қостанайда көпбалалы отбасыларға көмек көрсететін жоба басталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасын бастады,деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, партиялықтардың бұл жобасы бұрын да жүргізіліп келген, бірақ қазір ол жүйелі түрде іске аспақ. Бүгін осы бастама аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкерлері, әкімдіктің өкілдері, жанашыр азаматтар бірлесіп, көмекке мұқтаж көпбалалы отбасыларға қол ұшын берді.

«Осы «Бақытты отбасы» жобасы аясында партияның барлық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 20 ақпаннан бастап көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға кешенді көмек көрсетіледі. Соған байланысты «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жұмысы ұйымдастырылады. Мұнда келушілер әлеуметтік жәрдемақы алудың тетіктерін, жұмысқа орналасу, тұрғын үй жәрдемақылары, психологиялық көмек, заңнамалық кеңестер және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерін бір жерден ала алады»,- деді «Нұр Отан» ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев агенттік тілшісіне.

Атаулы көмекке ие болғандардың ішінде бес баланы тәрбиелеп отырған Салтанат Баяхметова да бар. Ол 16 жыл бойы пәтер жалдап тұрады.

«Бізге мемлекет әрқашан көмектеседі. Ай сайынғы көмекті аламыз, балалар мектепте тегін тамақтанады. Қазір көмір әкеліп көмектесіп отыр. Бұл бізге үлкен көмек. Өйткені, көмірдің қазіргі бағасын есепке алсақ, ай сайын бас-аяғы 130 мың теңге кетеді», - дейді көпбалалы ана.

Сонымен қатар, қала тұрғыны, 4 баланың анасы Галина Олжабаеваға да көмек көрсетілді.

«Бүгін бізге қоңырау шалып, көмір мен азық-түлік әкелінетінін айтты. Мен қатты қуандым. Қазір жұмыс істемеймін, бірақ іздестіріп жатырмын. Мемлекеттен алатын атаулы әлеуметтік көмек мөлшері - 40 мың теңге, тағы 10 мың теңгені көпбалалы ана ретінде аламын. Қазіргі уақытта бәрі қымбат қой. Тапқанымызды жеткізуге тырысамыз»,- дейді Галина.

Жаңабай Бисимбаев атап өткендей, алдағы уақытта да қатты отынға, азық-түлікке зәру отбасыларға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, пешпен жағылатын үйлерге газ қондырғылары орнатылатын болады.

nullnull

Соңғы жаңалықтар