Қостанайда көпбалалы 20 отбасына пәтер берілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда көпбалалы 20 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды қазАқпарат.

Бүгін өңір басшысы Архимед Мұхамбетов көпбалалы 20 отбасына пәтер кілттерін табыс етті. Жеңіс күні қарсаңында қуанышқа кенелген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне «Юбилейный» шағын ауданындағы жаңа бой көтерген көпқабатты зәулім үйден баспана бұйырды.

«Айтулы мереке қарсаңында көпбалалы жанұяларға жаңа пәтерлердің кілтін тапсырып отырмыз. Қазіргі уақытта «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бағдарламасын орындау бойынша іс-шаралар кешені әзірленді. Мұның бәрі партиямыздың XVIII съезінде айтылды. Осыған байланысты азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдауды күшейту көзделген. Жыл сайын тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға пәтер алу үшін 50 млрд теңге бөлу жоспарланды», - деді Архимед Мұхамбетов пәтер тапсыру кезінде.

Рас, соңғы уақытта облыста тұрғын-үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Жақында облыс орталығында, Қобыланды батыр көшесінің бойынан 30 пәтер тапсырылса, Узкоколейная көшесінен 20 пәтер тек көпбалалы отбасыларға берілді.

Облыс әкімі айтқандай, көпбалалы отбасылар үшін «7 - 20 - 25» бағдарламасы және Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі арқылы қолжетімді баспанамен қамтамсыз ету тетіктері жеңілдеген. Тіпті, банк кеңесшілері олардың үйлеріне барып, тегін депозит ашып береді.

Жалпы елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар, оның 28 мыңы тұрғын үй кезегінде тұр. Қостанай қаласындағы 730 көпбалалы отбасының 470-і тұрғын үйге кезегін күтуде.

Соңғы жаңалықтар