Қостанайда коммуналдық ХҚКО ашылады

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда осы жылы «iQala» қалалық қызметтер орталығын, басқаша айтқанда коммуналдық Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Азамат Қашиев берген ақпаратқа сай, 2021 жылы облыстың 7 ауданында Қостанайдағы үлгімен «109» Бірыңғай байланыс орталықтары ашылған.

«Тұрғындарға мемлекеттік мекемелермен және коммуналдық қызметтермен өзара әрекеттесу үшін ыңғайлы сервис ұсынылды. Орталықтардың әлеуметтік парақшалары белсенді жүргізілуде. Онда тұрғындарға мектептердегі сабақтардың тоқтатылуы туралы, тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерінің (су, электр қуаты, жылу, газ) апаттық және жоспарлы ажыратылуы, жол жөндеу жұмыстары туралы өзекті және басқа да ақпарат қолжетімді. Бүгінге дейін байланыс орталықтарына 300 мың қоңырау түскен», - деді А. Қашиев.

Сондай-ақ ағымдағы жылы халықтың коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимыл процестерін автоматтандыруға бағдарланған, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыруды, төрешілдік пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауды қамтамасыз ететін «iQala» қалалық қызметтер орталығын (коммуналдық ХҚКО) ашу жоспарлануда.

«Қостанай облысында бүгінгі күні монополистермен коммуналдық қызмет көрсетуге шарт жасасу, техникалық шарттар мен басқа да құжаттар беру процесі көзбе-көз қатысуды талап етеді және бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Сонымен қатар қызмет көрсетудің жалпы процесін түсінбегендіктен, монополистердің кеңселерін аралау қажеттілігі туады. Орталықты құрудың мақсаты – инновациялық тәсілді енгізу арқылы қала тұрғындарының тұрғын үй-коммуналдық сектор ұйымдарының қызметтерін алуын жеңілдету», - деп қорытты А. Қашиев.


Соңғы жаңалықтар