Қостанайда көмір тапшы: Облыстық әкімдік жағдайды түсіндірді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бір адамға тек 5 тоннадан көмір беріліп жатыр. Қостанай облысының билігі бұл мәселені желтоқсанның екінші жартысына қарай толық шешпекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жағдайды Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов түсіндірді.

Қазіргі уақытта Қостанай облысының 12 өңірінде 25 теміржол көмір тұйығы бар. Көмір тұйықтарының кіреберістері, жеңіл және жүк көліктеріне арналған тұрақтары бар.

«Қарашаның аяғындағы жағдай бойынша облыстағы тұйықтарда 16 мың 390 тонна түрлі маркалы көмір бар. «Богатырь» тұйығындағы көмірдің орташа бағасы 12 мың теңге, «Майқұба» 13400 теңге, «Шұбаркөл» - 16500 теңге. Осы жылдың қарашасында біздің өңір көмір жеткізу бойынша жоспарланған кестеден қалып қойды, осыған байланысты облыстың кейбір аудандарында көмір жетпей жатыр. Тұйықтарда көмір қалмаған немесе өте аз қалған», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Қостанай облысында қарашаның соңында 58991 тонна көмір жеткізілген.

Өңірдегі көмір тапшылығының басты себебі – ашық вагондардың жетіспеуі, сондай-ақ жөнелту стансаларындағы кідеріс.

«Қазіргі уақытта өңірде көмірге байланысты жағдай тұрақталды. Сататын орындарда қызу жұмыс жүріп жатыр, жедел бригадалар құрылды. Көмір белгілі бір көлемде сатылып жатыр – бір қолға 5 тоннадан», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, өңірде белгіленген жерге дейін кедергісіз жеткізу бойынша жедел штаб құрылды.

«Желтоқсанда 64 мың 500 тонна немесе 907 ашық вагон көмір жөнелту жоспарланып отыр. Бұл мәсле облыс басшылығының жіті бақылауында. Желтоқсанның екінші жартысында көмір тапшылығы мәселесі толық шешіледі», - деп түйіндеді Ғауез Нұрмұхамбетов.


Соңғы жаңалықтар