Қостанайда көлікті техникалық байқау орталықтары заң бұзған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті арнайы мониторинг тобының жұмысы қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арнайы топ өңірдегі көліктерді бақылау саласы бойынша сараптама жасады. Қостанай облысы көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Серік Безғазымовтың айтуынша, техникалық қарау орталықтарында «құпия сатып алушы» әдісімен мониторинг жүргізілді.

«Міндетті техникалық байқау көлік құралының тіркелген жеріне және көлік құралы иесінің тұрғылықты жеріне қарамастан, көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органның қатысуымен жүргізіледі. Техникалық байқау операторлары арнайы шарт негізінде қызмет көрсетеді. Бүгінде міндетті техникалық байқауды өткізу кезінде бұзушылықтар байқалуда. Әсіресе, техникалық байқау орталықтарында көлік құралынсыз техникалық байқау жүргізу, «Техникалық байқау» деректерін редакциялау, көлік құралдарының өту мерзімділігін өзгерту жиі кездеседі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірлесіп, техникалық байқау саласындағы бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған іс-шаралар өткізді», - деді С. Безғазымов.

Жыл басынан бері жеке тұлғалардың өтініштері бойынша техникалық байқау операторларына қатысты 14 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Барлығы 34 құқықбұзушылық анықталып, 26 әкімшілік хаттама толтырылды. Тіпті, өрескел заң бұзған 1 оператор техникалық байқау операторларының мемлекеттік тізімінен алынып тасталды. 378 750 теңге мөлшерінде айыппұл өндірілді.

Айта кетейік, Қостанайлық студенттер ЖОО-да кездесетін жемқорлық фактілері туралы айтып берді.

Соңғы жаңалықтар