Қостанайда қар құрсауында қалған адамдарды құтқару жұмысы жалғасып жатыр

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқару жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

31 наурыз күні сағат 16:36-да ТЖД құтқарушылары Восточное ауылының тұрғынын Арқалық қаласының ауруханасына жеткізді.

1974 жылы туған ауыл тұрғыны медициналық көмекке мұқтаж болғаны анықталды. Ауылға баратын жол қармен жабылған еді.

Алайда құтқарушылар «СКБ-600» жол талғамайтын көлігімен 33 шақырым қашықтықта орналасқан елдімекенге жедел жетті.

31 наурызда Арқалық-Жалғызтал тасжолында қаладан 30 шақырым жерде жолаушылары бар 6 автокөлік ауа райының нашарлауына байланысты жолда қалғаны белгілі болды.

Жолаушылар құтқарушылардан көмек сұрады.

Сағат 18:15-те ЖҚЖ қызметкерлері өтімділігі жоғары «СКБ-600» техникасымен оқиға орнына келді.

Екі сағаттан кейін 30 адам, оның ішінде 10 бала Арқалық қаласына эвакуацияланды.

Құтқару операциясы нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ.



Соңғы жаңалықтар