Қостанайда «КамАЗ» бөлшектері шығарылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы индустриялық аймақта «КамАз» компаниясының 3 инвестициялық жобасы іске асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген кеңесте өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Басқосу барысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Қойшыбаев алдағы уақытта іске асырылатын жобалармен таныстырды

«КАМАЗ» компаниясымен бірлесіп, өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны 86 млрд теңге болатын 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде облыста 4 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Әуелі, қуаты жылына 86 мың бірлікке жететін «КАМАЗ» жетекші шанағының 2 түрі өндіріледі. Екінші жоба - «КамАз» арнайы техникасына арналған қондырмалар құрастыру. Жылына мұндай 5000 бірлік автобөлшек шығарылады. Үшінші жобада оқшау автобөлшектер (тежегіш қалыптар, орындықтар, электр сұйылтқыш, резеңке және пластикалық бұйымдар) жасалады», - деп түсіндірді Ерлан Қойшыбаев.

Бұдан бөлек, автобөлшектердің сапасын арттыру, жұмысшы кадр құрамын толтыру, сондай-ақ инженерлер мен технологтарды дайындау мақсатында инжиниринг орталығын іске қосу мүмкіндігі пысықталуда.

Келешекте мұнда «КамАз» кабиналары, қозғалтқыштар мен радиаторларын өндіру жөнінде келіссөздер жүргізіледі. Аталмыш жобаның барлық кезеңдеріне шамамен 15 млрд теңге жұмсалады.

«Қолданыстағы автокөліктер, коммерциялық және ауыл шаруашылығы техникаларының, сондай-ақ жоспарланған жобалардың барын ескеріп, облыста автомобиль және ауыл шаруашылығы машиналары кластері қалыптасуда. Үкіметтің өнеркәсіп салаларын, шағын және орта бизнесті қолдау, қолайлы инвестициялық ахуал жасау жөніндегі саясаты өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсуіне оң әсерін тигізді. Алдағы уақытта өнеркәсіпті дамыту, бизнесті қолдау және сыртқы инвестицияларды тарту жұмыстары жалғасады», - деп түйді облыс әкімінің орынбасары.

Еске салсақ, осы уақытқа дейін Қостанай облысында 47 мыңға жуық автомобиль құрастырылды.

Соңғы жаңалықтар