Қостанайда газ құны тағы да қымбаттайды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «ҚазТрансГазАймақ» АҚ базасында газ тарифінің көтерілуіне байланысты қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қостанай облысында газ бағасы тағы да қымбаттамақ. Кәсіпорында өткен жиында айтылғандай, газ бағасының артқаны жұмсалған шығындар мен көтерме бағалардың өсіп кеткенінен болып отыр.

Айта кетейік, Қостанай облысында көтерме саудада газды өткізудің шекті бағасы текше метріне 19732 теңгені құрайды. Ал күнделікті қолданыстағы баға - 17938 теңге, яғни, өсім көтерме бағаның 10% немесе 1794 теңгеге ұлғайғанынан туындаған.

«Тауарлық газ қостанайлық тұтынушылар үшін 15% өсуі мүмкін. Бірақ, қорытынды шешімді ҚР Энергетика министрлігі және табиғи монополияларды реттеу Комитеті қабылдайды. Болашақта біз жаңа газ шаруашылығын ашамыз, соған сай, жаңа жұмыс орындары да пайда болады. Газдандыру бойынша түрлі жобалар қолға алынады. Енді мұны халыққа түсіндіру жұмыстарын бастаймыз», - деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ экономика және тариф бөлімінің басшысы Әлия Әмірова.

Былтыр ҚР Энергетика министрінің «Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасын бекіту туралы» бұйрығы көпшілік талқысына ұсынылған болатын. Соған байланысты тұрғындарды газбен қамтамасыз ету бойынша жаңа тариф Қостанайда ағымдағы жылдың 1 шілдесінде енгізілуі тиіс.

Еске салайық, бүгінде мемлекеттегі көгілдір отынның тоннасы салықты есепке алмағанда 34 319 теңгеден саудалануда. Бұл көтерме баға жарты жыл көлемінде өзгермеген.

Соңғы жаңалықтар