Қостанайда «Фауна Эйр» әуе компаниясының Ан-2 ұшақтарының ұшуына тыйым салынды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында авиация-химия жұмыстарын жүргізетін «Фауна Эйр» ЖШС заңсыз ұшақты пайдаланды деген күдікке ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке сілтеме жасап.

24 шілдеде ҚР ИДМ көлік оқиғалары және оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің авиация оқиғаларын және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов «Фауна Эйр» иелігіндегі барлық Ан-2 ұшақтарының ұшуына тыйым салған.

«Ашық диалогта» министр Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, Қостанай облысы, Алтынсарин ауданы, Докучаев ауылдық округінде 2018 жылғы 23 шілдеде авиация оқиғасы болған. Ұшақтың айтарлықтай зақымданғанын растайтын фотосуреттер де таралған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұзылған ұшақты бөлшектерге бөліп, жүк көлігімен Ақмола облысының Атбасар қаласына алып кеткен.

Атбасарда министрлік комиссиясына борт нөмірі UP-A0316, көк түсті ұшақ көрсетілген, ал Қостанай облысында бұзылған ұшақ қызғыш түсте болған.  

«Яғни, Докучаев ауылдық округінде қызғыш түсті басқа Ан-2 ұшағымен авиациялық оқиға болған, бірақ оның да борт нөмірі - UP-A0316. Осы жайт «Фауна Эйр» ЖШС заңсыз ұшақты пайдаланды деген күдікке негіз болып отыр», - дейді Ж. Қасымбек.

Министрдің айтуынша, осыған байланысты «Фауна Эйр» ЖШС пайдаланып жатқан барлық ұшақты тексеру қажеттілігі туындап, олардың ұшуына тыйым салынған.

Соңғы жаңалықтар