Қостанайда ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың қатысуымен білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы отбасы мен бала институтын қолдау және инклюзивті қоғамды құру бойынша міндеттерін іске асыру мақсатында ашылды. Әлеуметтік нысанда облыстың барлық өңірлерінен 18 жасқа дейінгі балалар сапалы кешенді психологиялық-педагогикалық түзету және оңалту көмегін алады. Жалпы, Қостанай облысында 10 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала есепте тұр.

«Балалардың өмірін жақсартып, лайықты және табысты болашаққа қол жеткізуге мүмкіндік беру үшін дер кезінде білікті мамандардың көмегі ауадай қажет болады. Сондықтан да ерекше оқытуды қажет ететін балаларға және олардың отбасыларына тиісті жәрдем көрсететін осындай орталық ашылып отыр. Енді бүлдіршіндеріміз білікті мамандардың демеуімен қатардан қалмай тиісті деңгейде білім ала алатын болады. Стационарлық блокта заманауи жабдықтар мен мамандардың мультидисциплинарлық командасының көмегімен 50 бала білікті көмек алатын болады. 100 бала оңалту және әлеуметтендіру курстарына қатыса алады», – деді Марат Жүндібаев.

Облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюктың айтуынша, бұл орталық сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, ақыл-есі кем, Даун синдромымен ауыратын балаларға арналған. Мұнда түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері бар.

«Ғимарат бұрын облыстық балалар үйінің балансында болған. Соңғы үш жылда өңірімізде жетім балалар саны азайып, 1150 баланы асырап алды. Осыған байланысты балалар үйінің ғимараты босап, жабылды. Қазір бұл орталықта 3 ұйым біріктірілді. Бірінші қабатта облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия отырады. Және ғимараттың басқа корпусына Қостанай қалалық арнайы түзету мектебі көшіріліп әкелінді. Үшіншісі - оңалту орталығы. Осылай біріктірудің арқасында дефектолог сияқты тапшы мамандар кезектесіп жұмыс істейді»,- дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Орталықтың тағы бір ерекшелігі - әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді. Мұқтаж жандарға арналған нысанды қайта жабдықтауға 20 млн теңге жұмсалған.

Орталық жұмысымен танысып шыққан Марат Жүндібаев өңіріміздегі ерекше балаларға барлық жағдай жасалатынын атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары оңалту орталығының директорына 3 млн теңгенің сертификатын тарту етті. Бұл қаражатқа орталық ішінен Монтессори кабинеті ашылады.

Соңғы жаңалықтар