Қостанайда екі шағын аудан салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жаңадан екі мөлтек аудан салынады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбековтің сөзінше, Қостанай қаласында құрылысы басталған «Аэропорт» және «Юбилейный» шағын аудандарында әлеуметтік нысандар салу жұмыстары аяқталды. Енді қала іргесінде тағы екі шағын аудан пайда болмақ. Жоба «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асады.

«Жаңа шағын аудандардың бірі – «Береке». Ондағы 100 гектар алқапта 72 көпқабатты үй салынады. Тұрғын үй құрылысын «Болашақ» ЖШС жүзеге асырады. Тағы бір мөлтек ауданы «Қонай» деп аталады. Онда әзірге 30 бес қабатты үй және жеке тұрғын үй секторлары қолданысқа беріледі. Мұнда биыл 19 бюджеттік үйдің құрылысы басталады», - деді Н.Қатарбеков.

Сондай-ақ, «Аэропорт» және «Юбилейный» шағын аудандарындағы тұрғын үй құрылысы жалғасады. Бүгінде жоспарланған 41 үйдің 34-і пайдалануға берілді, ал «Юбилейный» шағын ауданындағы 47 үйдің 18-і салынып бітті. 2020 жылы аталмыш аудандардағы құрылыс жұмыстары аяқталады.


Соңғы жаңалықтар