Қостанайда дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы өтіп жатыр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай ауданының «Алтын дән» мәдениет үйінде атақты ақын Нұржан Наушабайұлының 160 жылдығына арналған І республикалық дәстүрлі ән орындаушылары байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл байқауға Қостанай облысынан бөлек, Семей, Алматы, Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Көкшетау қалаларынан 15 үміткер келді. Белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, ҚР мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет, ҚР мәдениет саласының үздігі Батырбек Байназаров, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Манапбек Қадіров, Нұржан Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Нұрзия Саржановалар бастаған қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын анықтайды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың сөзінше, бұл шара дәстүрлі түрде өткізілуі мүмкін. «Нұржан Наушабайұлының өмір жолы, шығармашылығы халық көкейінде болғанымен, солақай саясаттың ықпалымен сол бір жылдары тасада қалып жатты. Ел егемендігін алған уақыттан бері өңірімізде Наушабайұлының әдеби мұрасын жаңғыртуға бірқатар шаралар қабылданған еді. Мәселен, Қостанай ауданы орталығындағы мектепке, ел ағаларының атсалысуымен, Нұржанның есімі берілді. Ал бүгінгі шара сол игілікті бастамалардың дара жалғасы», - дейді басқарма басшысы. Ән сайысында Нұржан Наушабайұлының ғана емес, Естайдың, Әсеттің, Мәдидің, Ахметтің шығармалары да шырқалды. «Байқау шарты бойынша қатысушылар міндетті түрде Нұржан бабамыздың бір әнін және халық әндері мен халық композиторларының бір шығармасын орындауы керек. Әнші-жыршылардың арасында осалы жоқ, бәрі өз өңірінің мықтылары. Алғашқы күні-ақ үздіктер анықтала бастайды ғой. Қатысушылардың әнді дұрыс таңдауы қуантады», - дейді қазылар алқасының мүшесі Батырбек Байназаров. Байқаудың бірінші күні Нұржан Наушабайұлының ел арасында кең тарала қоймаған «Көңіл ашар», «Бәтимаға», «Көкенай», «Асыл-ай», «Ара-ай», «Жан сәулем» және «Назымы» қатар шығармалары орындалды. Республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының ІІ кезеңі бүгін өтеді.

Соңғы жаңалықтар