Қостанайда дәстүрлі ән байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай ауданында «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…» атты І республикалық дәстүрлі ән орындаушылары байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, байқауға Қостанай облысынан бөлек Семей, Алматы, Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Көкшетау қалаларынан 15 үміткер келді.

Байқаудың гала-концерті басталмас бұрын әйгілі жырау, фольклортанушы Алмас Алматов жас домбырашыларға шеберлік сабағын өткізді.

«Жырды, дастанды, толғауды жаттап алу мен сіңіріп алудың ара-жігі бар. Мәселен, «Теміртас»! Біз үшін бірер ауыз ғана өлең болуы мүмкін, ал задында мән-мазмұнына терең бойлар болсақ, тұтас ғұмыр жатыр. «Ләйлім», «Мақпал» сынды туындыларды осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай керемет жауһарларды жазып кеткен мықтылар ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда өмір сүрді. Біле-білсеңіздер, Ақанның, Мәдидің, Нұржанның, Кененнің бір-бір туындысының өзі жеке фильмге татитын қою дүние. Сондықтан, бәленбай ауыз туындыны тұтастай судыратып жаттағаннан бір қайтарымын болса да, түйсікпен қабылдап, қауымға паш еткеннің құны артық. Сіздердің мойындарыңызда үлкен миссия бар.

Ғасырлар бойы қалыптасып, даланың, бабаның зарын, мұңын, қуанышын дарытқан орасан бай дүниені өлтіріп алмау керек. Баба мұраны бүлдірмей келешекке аманаттау – ортақ парыз, міндет!» - деп түсіндірді жырау.

Кездесу барысында А. Алматов «Көрұғлы» қаһармандық халық эпосының үзіндісін орындады. Жиын соңында әр қатысушыға сертификат табысталды.

Мұнан соң дәстүрлі ән байқауының жеңімпаздары анықталды. Қазылар алқасы жаңарқалық әнші Фархад Жәкішке бас жүлдені байлады. Еуразия Ұлттық өнер университетінің ІІ курс студенті арнайы диплом және 500 теңгенің сыйақысын иеленді. Алматылық Зарина Рахманбердиева жүлделі бірінші орынмен марапатталып, 300 мың теңгенің сертификатын алды. Екінші орынға ие болған Семей қаласының өкілі Таңат Мұқашев пен нұрсұлтандық Ақылтай Зекеновтің әрқайсысына 200 мың теңгеден сыйақы берілді. Үшінші орын көкшетаулық Нәзира Бейсенова, жезқазғандық Сағымбай Мәлібеков пен Қостанай ауданының өкілі Жанат Мінайдарға бұйырды. Олардың әрқайсысы 100 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Соңғы жаңалықтар