Қостанайда бюджеттің 2 млрд теңгесі үнемделді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылым депутаттары кезектен тыс сессия өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясында облыстың 2018-2020 жылдарға арналған бюджеті қайта қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Елена Дерийдің баяндамасынан ұққанымыз, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша 2 млрд теңге үнемделген.

«Бұл қаржы алдағы уақытта түрлі қажеттіліктер үшін қайта үлестіріледі. 452,6 млн теңге Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылына газ тарту жұмыстарына бағытталады. 404,5 млн теңге жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қажеттіліктеріне жұмсалады. 280,5 млн теңге «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 101 кәсіпкерге субсидия бөлуге ұсынылды», - деді Е.Дерий өз баяндамасында.

Атқарушы биліктің бұл ұсынысын депутаттар бірауыздан мақұлдады. Бұған қоса, облыстағы бірнеше басқарма қаржылай көмек алады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, осы жылы игерілмей қалған 782 млн теңге келесі жылдың бюджетіне көшті.

«Бұл қаржы 2019 жылдың қажеттіліктеріне жұмсалады. Себебі, жыл соңы болып қалды. Мемлекеттік сатып алулар өткізуге үлгермейміз. Бастысы, мемлекеттік қызметкерлерге, бюджеттік сала мамандарына уақтылы жалақы төлеу қажет. Биыл бекітілген қаржыны тиімді жұмсадық. Енді Тәуелсіздік күні қарсаңында Аманқарағай ауылына газ жүргіземіз. Мұнда 2400-дей отбасы тұрады. Арқалыққа мазут жеткізу де - маңызды мәселе. Қазір қорда 7-8 мың тонна мазут бар. Тағы 10 мың тоннасын алдыру көзделіп отыр. Әлеуметтік нысандар жөнделді, жол мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. 15 қазанда барлық деңгейдегі әкімдерді шақырып, өңірлердің дамуына байланысты жиын өткіземін», - деді аймақ басшысы.
null 

Алдағы уақытта Аманкелді-Үрпек-Рахмет-Әліби тас жолы орташа жөндеуден өтеді. Бұған бюджеттен 133 млн теңге бөлінді. Арқалық-Торғай жолындағы қажеттіліктерге 140,6 млн теңге қарастырылды. Келесі жылы «Юбилейный» шағын ауданында ірі жылу қазандығы салынады.

null 

Соңғы жаңалықтар