Қостанайда бокс мектебі ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай қаласындағы мамандандырылған бокс мектебінің ашылуына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бокс мектебінің құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді. Спорт ғимаратына заманауи жабдықтар әкелінген. Негізгі жаттығу залынан тыс бірнеше жарыс алаңдары бар. Кешеннің құрылысы 2018 жылы басталған.

Қостанай облысының әкімі аталған нысанның облыс спортшыларын даярлаудағы, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудағы маңызын атап өтті.


«Қостанай облысындағы бокс мектебінің дәстүрі қайта жаңғыруда. Оның негізін қалаған Эрик Хакимов, Александр Мирошниченко, Берік Жаманқұлов, Иван Дычко және Василий Левит сияқты атақты спортшылардың ізін жалғайтын жас өрендер шығатынына сенемін. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған мамандандырылған бокс мектебі, сөзсіз, чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелейді. Әмбебап бокс залында 200-ден астам жасөспірім спортпен айналыса алады», - деді Архимед Мұхамбетов ашылу рәсімінде.

Бокс мектебінің ашылуына бокстан ҚР Чемпионатының жеңімпаздары – Надежда Рябец, Владислав Кухта және Жанна Серіковалар қатысты.


Аймақ басшысы спортшыларға естелік сыйлықтар табыстады, ал Надежда Рябец Архимед Мұхамбетовтің қолынан 2 бөлмелі пәтердің сертификатын алды. ҚР чемпионына пәтер Қостанай қаласынан берілмек. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың наурыз айында Надежда Рябец Токиода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды. Енді ол әйелдер боксында ел намысын қорғайтын болады.

Айта кетейік, бокс мектебімен қатар, жақын арада облыс орталығында шаңғы базасы іске қосылады, ал келесі жылы 2500 орындық Мұз сарайы мен 50 метрлік жүзу бассейні пайдалануға беріледі.


Соңғы жаңалықтар