Қостанайда балаларға арналған Smart орталық ашылмақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс әкімдігінде өткен селекторлық жиында өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен отырысқа аудан, қалалардың әкімдері қатысты. Алдымен, облыс басшысының орынбасары Марат Жүндібаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Қостанай облысында іске асу барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2017 жылы бағдарлама аясында 24 жоба, 2,7 млр теңгеге 339 іс-шара ұйымдастырылды.

«Биыл 131 жоба жоспарланған. Оның шеңберінде 802 іс-шара өткізіледі. Үсітіміздегі жылдың бірінші тоқсанында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы шеңберінде бір жоба мен 79 іс-шара аяқталды. Соның арқасында мектеп мұражайларының саны көбейіп, туристік-өлкетану бағытындағы үйірмелер жұмыс істей бастады. Аталған бағдарлама бойынша биыл мамыр айында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Рухани жаңғыру» атты жаңадан экспозиция залы ашылды. Сондай-ақ, «Атамекен» кіші бағдарламасын іске асыруға екі жүзден астам бизнес өкілі жұмылдырылды. Меценаттардың қаражаты есебінен биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыста жалпы құны 172,2 миллионға 21 IT-технология кабинеті ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу мақсатында жылдың соңына дейін әрбір қала мен ауданда меценаттардың демеушілігімен тағы бір IT-сыныбын ашуды ұсынамын. Қостанай және Рудный қалаларының тұрғын санын ескере отырып, екі сыныптан ашуға болады», - деді Марат Жүндібаев.

Архимед Мұхамбетов бұл ұсынысты қолдап, хаттамаға енгізуді тапсырды. Бұған қоса әкім «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтетін іс-шаралардың санына емес, сапасына, мазмұнына тереңірек үңілу керектігін ескертті.

«Жуырда Арқалық, Таран ауданы мен Лисаков қаласына жұмыс сапарымен бардым. Алайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы материалдарды көрмедім. Әр музейде бағдарлама туралы шағын материал немесе шағын бұрыш болуы керек. Ескірген ақпараттарды жаңартып, үлгілі мысалдарды көбірек насихаттаған дұрыс. Мысалы, біздің облысымызда Қазақстанның киелі орындарының тізіміне енген қаншама нысан бар. Ол жерлер қайта жаңғырту жұмыстарынан соң тамаша кейіпке енді. Кейкі батырдың кесенесі, Алтынсариннің мавзолейі, Шақшақ Жәнібектің ескерткіші, тағысын тағылар. Барлық аудан, қала осындай құнды жәдігерлерімізбен мақтанып, жас ұрпақ оның тарихын білуі керек. IТ технологиялар кабинетін ашу мәселесіне келсек, ұсынысты қолдаймын. Әзірге, 2018 жылы 43 кабинет ашамыз. 2019, 2020 жылдары кабинеттердің саны артуы керек. Демеушілер қаражатын тарту арқылы кабинеттерді қажетті құрылғылармен қамтамасыз етеміз», - деді ол.

Селекторлық отырыста Амангелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ауданда орындалуы туралы баяндама жасады. Амангелділіктер бағдарламаны жүзеге асыруды былтыр Байғабыл ауылында бастаған.

«2017 жылы Байғабыл ауылында «Жаңғыру көктемі» атты жерлестер форумын ұйымдастырдық. Форум аясында ауылдың екі қорымы қоршалды. Ауыл кәсіпкерлігін дамыту бойынша дөңгелек үстел өтті. Жерлестеріміздің қатысуымен Үрпек пен Қарасу ауылдарында балалар ойын алаңы ашылды. Мәдениет саласында жетістікке жеткен жерлестеріміз елге келіп, концертік бағдарламалар ұйымдастырып, халықты рухани байытса, денсаулық сақтау саласындағы жерлестеріміз аудандық ауруханада науқастарды тегін қарап, емдеп, кеңес берді. Жерлестерімізбен рухани байланысты нығайта түсу үшін қазіргі таңда Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында тұрып жатқан аманкелділік тумалардың басын қосып, «Туған жерге туыңды тік» атты форум өткіздік. ҚР халық әртісі Әнуар Боранбаевтың туғанына 70 жыл толуына орайластырылған іс-шаралар ауданымызда кеңінен атап өтілді», - деді аудан әкімі Нұржан Өтегенов.

Амангелді ауданында оқушыларға сандық технология негіздерін үйрету мақсатында демеушілер қаражаты есебінен 8 млн 430 мың теңгеге цифрлық технологиялар кабинеті ашылды.

Жиында белгілі болғандай биыл Қостанай қаласында балаларға арналған «Smart City» орталығы ашылады. Қазіргі күні Smart орталығының орналасатын жері анықталған. Жоба аясында балалар біздің елімізден басқа, ТМД аумағында кең тараған ноу-хаулармен танысып, озық инновацияны меңгеретін болады.

Соңғы жаңалықтар