Қостанайда автобуста діни уағыз айтқан әйелге айыппұл салынды
2022 жылғы 19 мамыр 16:33

Қостанайда автобуста діни уағыз айтқан әйелге айыппұл салынды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай тұрғыны қалалық қоғамдық көліктегі заңсыз миссионерлік қызметі үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп бұзушыға 214 410 теңге айыппұл салынды.

Қостанай облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу барысында облыс тұрғынының қоғамдық көлікте заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асырғанын анықтады.

Әйел автобуста діни уағыз айтқан. Жолаушылар оны видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге жариялаған.

Полицейлер қала тұрғынының миссионерлік қызметке рұқсат құжаттары жоқ екенін анықтады.

Бейнежазба, сондай-ақ куәгерлердің айғақтары негізінде ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Қостанай облыстық ПД дін туралы заңның қабылдануының арқасында мұндай фактілер қысқарғанын атап өтті.

Енді діни бірлестіктер өздерінің іс-шарасын белгіленген орындарда өткізеді, ал миссионерлік қызмет тек тіркелу арқылы жүзеге асырылады.

Сотта әйел өз кінәсін мойындады. Сот шешімі заңды күшіне енді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT