Қостанайда ауылға баратын дәрігерлердің үстемақысы көтерілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай жоғарғы медициналық колледжінің 2-3 курс студенттері бүгінде әр аудандағы емдеу мекемелерінде белсенді жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел Штабқа сілтеме жасап.

Бүгінде медицина колледжінде жалпы саны 594 шәкірт білім алуда. Оның 154-і індетке қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр. 20 студент провизорлық стационарларға жұмысқа орналасқан. Осы жылы медициналық колледжді 264 түлек тәмамдап, мамандықтарына сай сертификаттарын қолдарына алды. Соның ішінде 50 түлек бірден фельдшер, медбике, акушер мамандықтары бойынша жұмысқа шығып кеткен. Солардың бірі – 2-курс студенті Жанар Сақымжанова. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жағдай тұрақталып келеді.

«Бастапқыда бәрімізге оңай тиген жоқ. Студент болсақ та, медициналық жедел көмек көрсетудің алғышартын білетін едік. Дәрігерлердің нұсқауымен оларға барыншы көмек көрсетіп келеміз. Бұл бір жағынан өзімізге сабақ болды», - дейді студент.

Жалпы, өңірде инфекцияға сараптама жүргізу және емдеумен 1166 маман айналысады, олардың 229-ы – дәрігерлер. Облысқа медициналық мамандарды тарту бойынша жұмыс күшейтілген. Өткен жылы аймаққа 265 дәрігер тартылса, биыл тағы 240 дәрігер келеді деп күтілуде.

«2018 жылы облыстық бюджет есебінен алғаш рет «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 80 ересек адам мен 20 студентті оқыту басталған. Оның 24-і биыл облыс аудандарына жіберіледі. Жергілікті бюджеттен ауылдық жерлерге келген дәрігерлердің көтерме үстемақысы 1,5 млн теңгеге дейін көбейтілді. Сондай-ақ, «Қазақстандық ипотекалық несие беру» АҚ арқылы Қостанай қаласында 54 пәтер берілді. Алдағы уақытта медицина қызметкерлеріне арналған тағы 120 пәтер беріледі», - делінген штаб ақпаратында.


Соңғы жаңалықтар