Қостанайда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 32,1 млрд теңге бөлінді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл облыста ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 32,1 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов егінжай күніне байланысты өткен жиында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай ауданының «Заречный» ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» серіктестігі аумағында егінжай күні өтті. Басқосуға аудандардың әкімдері, аймақтың диқандары, мал өсірушілер, ғылыми-зерттеу институттары, техникалар мен қосалқы бөлшектер саудалау компанияларының өкілдері жиналды. Басты тақырып - өңірдің ауыл шаруашылығы саласында жоғары өнімді техникалар мен құрылғыларына цифрландыруды енгізу, егістік алқаптарын әртараптандыру, бәсекеге төтеп беретін дақылдар, соның ішінде сояның көлемін ұлғайту. Сондай-ақ, егіннің шығымы, күн райы, зиянкестер мен шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ.

Осы жылы егістік алқабын әртараптандыру көлемі артты. 4 млн 738 мың га егістіктің 530,8 мыңы майлы дақылға тиесілі. Мал азығының жер көлемі - 221,6 мың, ауыл шаруашалығы өндірісіндегі картоп - 4,1 мың, көкөніс 900 гектарды құрайды.

Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов сала басшылары мен шаруаларға қазіргі аймақтағы жем-шөп жинау, егінді арам шөптерден тазарту науқанының уақытынан қалдырмай орындалуын ескертті. Қазір астық жинау техникалары мен астық қабылдау орындарының материалдық-техникалық базасы 90% дайын, бұл жұмысты егін ору басталғанға дейін аяқтауды тапсырды. Архимед Мұхамбетов еңбек өнімділігін арттыру, егістікті әртараптандыруды ұлғайту, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік бағдарламаларды көрсеткішін жоспардағыдай орындау керектігін айтты.

«Биыл облыста ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 32,1 млрд теңге бөлінген. Бұл аз қаражат емес. Өздеріңіз білетіндей, келер жылы 600 мың тонна бидай мен 150 мың тонна майлы дақыл тұқымын тереңдетіп қайта өңдейтін «Биогрейн» инвестициялық жобасы жүзеге асады. Осыған орай майлы дақыл егістік көлемін 700 мың гектерға жеткізуіміз керек. Республикамызда «Солтүстік соясы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Сол себепті, теріскейдегі аудан әкімдеріне 2020 жылдың көктемгі егістігіне соя тұқымын алуды тапсырамын», - деді облыс әкімі.

Осы жылы гербицид алу үшін 4,9 млрд, минералды тыңайтқыштарға 2,5 млрд, тұқым жаңалауға 1,3 млрд бөлініп отыр. Сондай-ақ, көктемгі егістік науқанына 71 мың тонна дизель отыны жеткізіліп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тауар өндірушілерін 13,9 млрд теңгеге қаржыландырған.

Соңғы жаңалықтар