Қостанайда астықты қайта өңдеу кәсіпорны салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл қостанайлық шаруалар 5 млн 275 мың гектар алқапқа дән егуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы ауылшаруашылық тауар өндірушілері бас қосқан дәстүрлі агрокеңесте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғауез Нұрмұхамбетов айтқандай, жоспар бойынша 4 млн гектарға бидай егіледі. Сондай-ақ, майлы дақылдар алқабы 476 мың гектарға ұлғайды. Еске салсақ, 2018 жылы диқандар 430 мың гектарға майлы дақыл еккен.

«Жыл сайын майлы дақылдарға қажетті алқапты ұлғайту арқылы экспорт көлемін біраз арттырдық. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын оның көлемі 39 мың тонна болса, қазір 151 мың тоннадан асады. Өндірістің бұлай қарқын алуы өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын 13%-ке арттырды, ал экспорт көлемі төрт есеге көбейді. Осы жылы 4,1 мың гектар картоп және 900 гектарға көкөніс отырғызылады. Бұл да жақсы жетістік. Бірақ, әлі де көбейтеміз»,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Осыған байланысты аудан, қала әкімдеріне егістік жерлерін әртараптандыруға күш салып, майлы дақылдар алқабын әлі де ұлғайта түсу міндеті жүктелді.

Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өткен жылғы облыс диқандарының жұмысын жақсы бағалады.

«Осы қарқыннан таймау керек. Ең бастысы еңбек өнімділігіне мән беріңіздер. Сол арқылы өнім өндіру көлемі де ұлғаяды. Басты міндетіміз де осы болуы тиіс. Былтыр облыс ауылшаруашылық тауар өндірушілері 378 млрд теңгенің өнімін өндірген. Қазір ауыл шаруашылығын цифрландыру жүріп жатыр. Облыста әртараптандыру бойынша қыруар жұмыс атқарылуда. Әлі де майлы дақылдар алқабын көбейтуді тапсырамын», - өңір басшысы.

Жиында белгілі болғандай, облыста соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған қайта өңдеу кәсіпорны ашылатыны белгілі болды. Жоба құны - 300 млн доллар. Онда 150 мың тоннаға дейін майлы дақылдар өңделеді.

Соңғы жаңалықтар