Қостанайда әрекетке қабілетсіз әйелді заңсыз бас бостандығынан айырған шенеуніктер сотталды

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы, ауылдық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бірінің директоры, сондай-ақ жекеменшік интернат үйінің басшысы сот алдында жауап берді. Олардың барлығына әрекетке қабілетсіз әйелді заңсыз бас бостандығынан айырып, жұмыс істеуге пайдаланды деген айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облыстық сотына сілтеме жасап.

Қостанай қаласының №2 сотында Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Майдашаш Жұмағалиға, Пешковский арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Дамира Әбілдинова мен «Забота» жекеменшік интернат үйінің меңгерушісі Камила Бимендинаға қатысты қылмыстіқ іс қаралды.

Олардың үшеуі де ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша жауапқа тартылған: 128-бап «Қызмет бабын пайдалана отырып, адамды жұмысқа тарту, тасымалдау, беру», 126-бап «Заңсыз бас бостандығынан айыру», 362-бап «Билік пен өкілеттікті асыра пайдалану».

«2021 жылдың 8 желтоқсаны мен 2022 жылдың 5 сәуірі аралығында Жұмағали, Әбілдинова, Бимендина психикасының бұзылуынан зардап шегетін жәбірленуші М.-ның материалдық және өзге де тәуелділігін пайдалана отырып, оны Қостанай облысы Федоров ауданының Пешковка ауылында орналасқан «Пешковский арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінен Астана қаласындағы «Забота» жекеменшік интернат үйіне заңсыз апарып, тегін жұмыс күші ретінде пайдаланған», - деп хабарлады облыстық соттан.

Бұдан басқа, Жұмағали 2022 жылдың наурыз айында өзінің қызмет бабын пайдаланып және қызметтік өкілеттіктерін асыра отырып, «Лисаковский арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» директоры М.-нан ересектерге арналған 60 памперсті заңсыз беруін талап етіп және оларды алып, соңғысына жалпы сомасы 36 240 теңге зиян келтірген.

Прокурор бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстардың жиынтығы бойынша Жұмағалиға – 12 жыл мерзімге, Әбілдинова мен Бимендинаға – әрқайсысына 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасаудағы кінәларын толық мойындаған жоқ.

«Сотталушылардың жеке басын, істің мән-жайын, жасалған қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, сот Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігін негізге ала отырып, Жұмағалиды 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сотталушы Әбілдинова ҚК 55-бабының 2,6-бөлігін негізге ала отырып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру және 6 жыл 7 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Бимендинаға ҚК 55-бабының 2,6-бөлігін қолданып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі үкім шығарылды», - делінген сот отырысында.

Сондай-ақ сот ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментіне Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының лауазымды тұлғаларына шара қолдану туралы жеке ұйғарым шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар