Қостанайда «Ақылды сүт фермасы» жобасы енгізілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша Қостанай облысында «Ақылды сүт фермасы» жобасы енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақылды сүт фермасы» жобасын Қостанайда енгізу үшін Австрия елінен сарапшы мамандар арнайы шақырылды. Олардың Тобыл өңіріне келгендегі мақсаттары - «Садчиков» ЖШС-ін Smaxtec бағдарламалық-аппараттық жүйесіне қосу. Сондай-ақ, мамандар аталмыш сүт-тауарлы ферманың қызметкерлеріне жаңа құрылғыны қолдану жолдарын үйретпек. Австриядан келген өз істерінің білгірлері - Франц Цехнер мен Эльвидин Диздаревич бұл жобаның озық елдердің тәжірибесі екенін айтады.

«Бұл - Қостанай облысы ғана емес, тұтас Қазақстан үшін алғашқы жоба екенін білеміз. Сондықтан біз шақырту алысымен Қостанай және Ақмола облыстарындағы сүт фермаларының өкілдерімен тәжірибе алмасуға келісімімізді бердік. Ауыл шаруашылығы дамыған әлем елдері қолданысқа енгізген заманауи құрылғы жұмыстың өнімділігін, өнімнің сапасын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді», - дейді австриялық магистр Ф.Цехнер.

Сарапшының түсіндіруінше, бұл технологияның артықшылығы мынада: «болюс» атты арнайы құрылғы сиырлардың ауыз қуысы арқылы қарнына жіберіліп, сол арқылы жануардың жалпы жағдайын, негізгі физиологиялық параметрлерін толықтай бақылап отыруға болады. Әр бес минут сайын температура қадағалауда болады. Бұл жануардың ауру-сырқауының алдын алуға арналған тың тәсіл. Сондай-ақ, құрылғы қозғалыс белсенділігі туралы ақпарат беріп отырады. Ол арқылы сиырдың ұрықтандыруға әзірлігін анықтауға болады әрі сүттілігі үшін қандай көлемде құнарлы азық беруі керектігін есептеуге ыңғай тудырады. Әлем бойынша әзірге теңдесі жоқ осынау «болюс» құрылғысы, шамамен, сиырдың ішкі құрылысында бес жылға дейін сақталады.

Сонымен, өңірді сүт өнімдерімен қамсыздандырып отырған фермалардың бірегейі - «Садчиков» серіктестігі ел бойынша бұл тың технологияны ең алғашқы болып қолданысқа енгізгелі отыр. Ферма қызметкерлерінің бұған дейін Австрияда оқып келгенін айта кеткен жөн. Яғни жаңа жоба бойынша жұмыс істеуге әзір. Ал еуропалық сарапшылармен ымыраласқан «АгриКАС» ЖШС диреторы И.Сулименконың айтуынша, бұл әзірге пилоттық жоба түрінде қолданыста болады.

«Біз бүгіннен бастап 32 бас сиырға сынақ жүргіземіз. Біздің компания Австриялық Smaxtec компаниясымен бірігіп, мұны тегін іске асырады. Жүйе 3 ай бойы тестілеуден өтеді, - дейді ол.

«Осы уақыт ішінде мұның экономикалық тиімдігі қадағаланады. Содан кейін ғана кәсіпорын соны технологиямен жұмыс істеудің қажетті-қажетсіздігі туралы шешім қабылдамақ. Егер бәрі ойдағыдай болса, болюс фермадағы барлық 740 сиырға қолданылатын болады», - деді серіктестік басшысы.

Жобаны енгізу жұмыстары аясында «Ақылды сүт фермасы - әлемдік тәжірибе» атты дөңгелек үстел өтіп, тың жоба туралы ақпарат қостанайлық фермашыларға бүге-шігесіне дейін түсіндірілді.

Айта кетейік, биыл Қостанай облысында ауыл шаруашылығындағы сандық технологияларды пилоттық негізде 20 кәсіпорынға енгізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар