Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ғылыми экспедиция басталады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған экспедиция Қостанайда басталады, одан кейін қатысушылар Қарқаралы, Семей, Қарабұтақ, Әулиекөл және Торғайға аттанады. Ресейдің бірқатар қалаларында, сондай-ақ Бакуде деректер жинау жалғасады. Экспедиция қорытындысы бойынша деректі фильм түсіру жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақаң жүріп өткен жолмен...» атты ғылыми-танымдық экспедиция Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Экспедицияға қатысушылар 5 маусымнан бастап бірінші бағыт бойынша жолға шығады: Қостанай - Қарқаралы - Семей - Қарабұтақ – Әулиекөл - Торғай.

«Әрбір пунктте мемлекеттік мұрағаттар, мұражайлар, сондай-ақ А.Байтұрсынов оқыған, жұмыс істеген мектептер, редакциялар мен түрмелерге барады. 13 маусымнан кейін Қостанай - Орынбор - Мәскеу - Архангельск - Баку – Челябинск шетел бағытымен сапарлау жоспарланған», - деді экспедиция мүшесі, өлкетанушы, тарихшы, ахметтанушы Ибрагим Ағытай өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісінде.

Жоба қорытындысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының өмірі туралы жаңа деректер жинау, сондай-ақ мұрағаттар, мұражайлар қорын анықталған құжаттармен толықтыру, сондай-ақ экспедиция нәтижелері туралы деректі фильм шығару жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар