Қостанайда адам өліміне себепкер болған автобус жүргізушісі сотталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қалалық соты жаяу жүргіншіні қағып өлтірген автобус жүргізушісіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс деректерінде көрсетілгендей, оқиға биыл 22 қаңтарда облыс орталығында болған. «Merсedes Вenz» маркалы автобусты тізгіндеген жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Жәбірленуші ауруханада көз жұмды.

«Сотталушыға жазалау шарасын анықтау кезінде сот жәбірленушінің пікірін, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, кінәлінің жеке басын, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі оның мінез-құлқын ескерді. Нәтижесінде Қостанай қаласы №2 соты үкімімен автобус жүргізушісі кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол көлік құралдарын басқару құқығынан 5 жыл мерзімге шеттетілді. Жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады», - делінген облыстық соттың ресми сайтында.

Сонымен қатар, сот «Альтаир» өндірістік кооперативінен жәбірленушінің пайдасына 1 344 234 теңге көлемінде материалдық залал өндірді. Сондай-ақ 2 млн теңге көлемінде моральдық шығын өтелді.

Соңғы жаңалықтар