Қостанайда 78 жастағы әжей балконда күбі ыстап, көже ашытады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Ашаршылық заманда жұрт масақ теріп, диірмен салып, кебегінен көже, ұнынан ботқа жасап ішкен деседі білетіндер. Қостанайда ертеден келе жатқан осы бір қара көжені істейтін Биғанша Қарина әжей тұрады. Балконда күбі ыстап, көже ашытатын 78 жастағы әжейдің үйіне ҚазАқпарат тілшісі барып қайтқан еді.

Биғанша апамыз Қостанай қаласына 2006 жылы көшіп келді. Енесінен қалған қара күбісі мен қол диірменін ауылға тастамаған ол сол уақыттан бері көжесін үзген емес. Бастапқыда: «Қалалық үйде күбіні қайтесің?» - деп күлгендер де болыпты. Алайда, бұл күбі отбасының ырыс-берекесіндей болып кеткен.

«1959 жылдың мамыр айында Фазылхан атаңмен шаңырақ көтердік. Келін болып түскеннен бері бие сауып, күбі пістік. Енем 84 жасында өмірден озды. Өмірінің соңғы сәтінде маған «осы күбіні қаңсытпа» деген еді. Сол аманаты күні бүгінге дейін жадымда. Ауылда үзбей бие саудық. Балалар есейіп, қалаға келдік. Сонда да сауатын бие жоқ болса да, күбімді құрғатқан емеспін. Қыста көже, жазда қымыз құйылып тұрады», – дейді Биғанша Қарақызы.

Расымен де Фазылхан атамыздың шаңырағында қара күбінің қадірі ерекше. Сыйымдылығы 15 литрден асатын күбі Маудановтар отбасымен бірге жасасып келеді. 61 жыл бойы пайдаланылып келе жатқан күбі Фазылхан атамыз бен Биғанша апамыздың үйлену тойына арналып жасалған екен.

«Бұл күбі Сейілхан Бектенов есімді шебердің қолынан шыққан. Шүкір, осы жылдар ішінде дастарханымыздан ақ үзілмей келе жатыр. Шаңыраққа келімді-кетімді кісінің бәрі де көжеден дәм татып кетеді. Ысталған күбіден шыққан өнімнің пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе, аяғы ауыр келіншектер көбірек іздеп жатады. Ашаршылық заманда жұрт масақ теріп, кебегінен көже, ұнынан ботқа жасап ішкен ғой. «Бір күн ішкен қара көженің қуаты үш күнге демеу» – деген сөз бар емес пе! Көженің бар сыры оның құрамындағы дәрумендерде», - дейді апамыз.

Шынында осы қара көженің құрамында пайдалы элементтер жетіп артылады. Мәселен, Е дәрумені адам ағзасы үшін аса қажетті екенін ескерсек, сауықтыратын қасиетінің де дәлелі бар. Сондай-ақ, арпа мен бидай және күріштің құрамында «лизин» деп аталатын амин-қышқылы кездеседі. Бұл тері тығыздығының тегістігін сақтауға, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартуға, ми жұмысын арттыруға көмектеседі. «Лизиннің» бірқатар вирустарға қарсы күресе алатын күші және бар.

Биғанша әжеміз күбіні балконда ыстайды. Тобылғыны қала сыртынан баласы Абылай алдыртады. Қыс уақытында күбінің ішін айына бір-екі рет ыстап алады.

«Сонда көженің дәмі арта түседі ғой. Егер қаладағы әр келіншек үзбей осы көжені істеп тұрса, еш бала дүкеннің нешетүрлі химиялық қоспалармен жасалған тәтті сусындарын ішпей, шөлін көжемен-ақ қандырар еді. Денсаулығы да мықты болып өседі. Өзім химикат қосылған тамақтар сатып алуға қарсымын. Балаларыма үнемі осыны айтып отырамын», - деп бөлісті Биғанша Қарақызы.

«ҚазАқпарат» оқырмандарына Биғанша Қарақызының көжесінің жасалу әдісін ұсынады:

10 литр суды (одан азырақ та алуға болады) қайнатып, оған 1 кесе ұнды суға шайқап, сүзіп құясыз. 1,5 литр сүт құйып, дәміне қарай тұз салып, бір қайнатып аласыз да суытып қоясыз. Осымен көжеңіз әзір. Енді салқындаған сусынға ашытқы құйып, 1-2 күн ашытасыз. Егер ашытқы болмаса, дүкеннің айранымен де ашытуға болады. Бір ашытып алған соң, осы дайын көжеден 1,5 литрдай ашытқы қалдырып, үстіне көже дайындап құйып отырасыз. Осылайша сусын дайын.





Соңғы жаңалықтар