Қостанайда 7 цифрлық ферма құрылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 7 цифрлық ферма құрылатын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікәрімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен 2018 жылы цифрландыру саласында бес басым бағыт анықталған-ды. Олар: білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, тұрғын-үй коммуналдық және көлік инфрақұрылымы. Сонымен қатар, өңірімізде ынталы түрде ауыл шаруашылық, шағын және орта бизнес, өнеркәсіп және әлеуметтік салаларында шаралар іске асырылды.

«Цифрландыру бойынша жол картасы жасалып, жоспарланған 130 іс-шараның 103-і орындалды, осы мақсатта бюджеттен шамамен 3 млрд. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Осы шаралардың арқасында облыс экономикасына едәуір серпін берді. 2019 жылы қосымша 6 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, қалалық басқару, әлеуметтік және экология салаларына басымдық беріледі», - дейді Еркебұлан Әбдікәрімов аппарат мәжілісінде.

Қостанай облысы республикада агроөнеркәсіп кешенінде көш бастап тұр. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 7 цифрлық ферма құрылатын болады.

Басқарма басшысы айтқандай, жер игеруде, құс шаруашылығында, сүт және ет фермаларында «ақылды» технологиялар енгізіліп, ол ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге шығынды азайтып, өнімділік пен пайда әкеле бастады. Облыстағы цифрлы технологиялар енгізген «Терра», «Садчиковское», «Жас қанат», «Қарқын», «Заречное», «Трояна» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Тэрра» шаруа қожалығы секілді 7 агрофирманың тиімділігі жылдам артып келеді.

Облыс өндірісіндегі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі, «Варваринское», «Қостанай минералдары», «Баян сұлу» АҚ, «Промбаза-7» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар өндіріске Индустрия 4.0 пен цифрландыру элементтерін қосты. Мәселен, Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің Қашар кенішінде өткен жылдан бері жұмыс «ақылды карьер» технологиясымен жүреді. Қазір Қоржынкөл және Соколов-Сарыбай кеніштері де жұмысты барынша жеңілдететін, уақыт үнемдейтін осындай озық технологияға көшіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар