Қостанайда 540 елді мекен оңтайландырылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда болашағы бар ауылдар анықталуда. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәслихат жиынына қатысқан Архимед Мұхамбетов биыл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасының басталатынын айтты. Сол себепті, шалғай ауылдарды оңтайландыру жолдары күн тәртібінен түспеуі тиіс.

«Қазір облыстағы 548 ауылдың 151-і болашағы бар елді мекендер қатарына енді. Арнайы комиссиялар оларды дамыту жоспарларын белгілейді. Тұрғындары 100-ден кем ауылдарды оңтайландыру ұсынылады. Әзірге, біз 10 ауылды дамытуға екпін саламыз. Әрі қарай олардың қатары ұлғая бермек. Әрине, бұл мақсатқа да бірігіп қаржыландыру қажет. Инвестиция тарту жолдарын да қарастырамыз», - деді облыс әкімі.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ауылдық округтер бюджеттік үдерісті және коммуналдық меншікті дербес басқаруға көшеді. Сондықтан қызмет тиімділігін арттыру мақсатында ауылдық округтерді біріктіру жолымен оңтайландыру мүмкіндігін қарастыру қажет.

Мысалы, Қостанай ауданының И. Ф. Павлов атындағы ауылды тарату ұсынылды. Онда 494 адам тұрады. Әкімдікте 6 адам жұмыс істейді және жеке аппараты бар. Енді осы ауылды 6 шақырым қашық орналасқан Александровка ауылына қосу қажеттілігі айтылды. Аталған ауылда 1723 адам тұрады.

Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинана елді мекендерді газбен, ауыз сумен қамту бағытындағы жоспарларға, атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады.

«Биыл бюджеттен құрылыс саласына 56,2 млн теңге бөлінеді. Оның 47,9 млн теңгесіне Қонай шағын ауданындағы кәріз желілері жаңартылады. 7,3 млн теңге Индустриялық аймақта қажетті инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізу жобасының сметалық құжаттарын дайындауға шығындалады. Газ-транспорттық жүйелерді дамыту жобасы да назарда. Оған 44,8 млн бағыттау көзделген. Бұл қаржы игілігін Әулиекөл ауданының Әулиекөл, Құсмұрын, Черняев, Қамысты ауданының орталығы және Алтынсарин, Адаев, Бестөбе ауылдары көреді», - деді ол.

Басқарма басшысы халықтың хал-ахуалын арттыра түсу де жоспардан тыс болмайтынын айтты.

«Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 198,7 млн теңге бөлінеді. Оның 100 млн теңгесі мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық және жәрдемші, жүріп-тұру құралдарымен қамтуға жұмсалады. Қалған 98,7 млн теңгеге қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың айлығын көтеруге бағыттау көзделіп отыр. Жоспар бойынша, олардың жалақысы 1,5 есеге дейін көбейеді», - дейді Г.Мұсағазина.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бюджеттен облыстық жолаушылар көлігі басқармасына 791,5 млн теңге қарастыру көзделген. Оның 747,2 млн теңгесі аудандық маңыздағы автожолдарды жөндеуге жұмсалмақ.

Соңғы жаңалықтар