Қостанайда 500-ге жуық бала ұлттық спорт мектебінде білім алып жүр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында ат спортын дамыту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Бұл жайында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Қостанай ауданының Заречное ауылындағы «Арғымақ» ипподромына бардым. Қазіргі уақытта ұлттық спорт түрлерінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 495 спортшы шұғылданады, оның ішінде 167 оқушы Қостанай қаласынан, 103 оқушы Тобыл қаласынан және 195 оқушы Заречное ауылынан. Көлемі 34х65 м, жалпы ауданы 2 210 шаршы метр болатын жаңа манеж салу туралы шешім қабылданды, осы жылдың соңына дейін нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Манеж салу алдағы уақытта ұлттық ат спорт түрлерімен айналысатын спортшылар үшін ғана емес, мүгедек балаларды оңалту үшін де сабақтар өткізуге мүмкіндік береді. Спорттық секцияда спортпен шұғылдану мүгедектерді оңалту мен әлеуметтік бейімдеудің жоғары тиімді әдісі болып саналады» деп атап өтті Instagram парақшасында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов.

Айта кету керек, «Арғымақ» ипподромында жаппай іс-шара жиі өткізіліп тұрады, оған республиканың барлық спортшылары қатысады.

Қостанайлық спортшылар ат спортының ұлттық түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына үнемі қатысады.

«Сондай-ақ, сапар барысында Заречное ауылында орналасқан «Қазақ тұлпары» ЖШС-да болдым. Кәсіпорын басшылығы қостанай асыл тұқымды жылқы малын сатып алу туралы өтініш білдірді. Отандық жылқы тұқымын қалпына келтіру, сақтау және одан әрі жетілдіру үшін аталған жылқы зауытының базасында қостанай тұқымынан бие сатып алу туралы шешім қабылданды. Сапар қорытындысы бойынша Қостанай ауданының әкімі Ж.К. Таукеновке және облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысына осы жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті құжаттарды дайындауды тапсырдым» деп жазады Архимед Мұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар