Қостанайда 50 мыңнан аса жас маман ауыл шаруашылығында еңбек етеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы қазақ драма театрында «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының кезекті конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуға қатысқан Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев жастардың облыс экономикасы мен қоғамдық өміріне қосар үлесі туралы айтты.

«Өңір тұрғындарының 210 мыңнан астамы немесе 23%-ы жастар. Өндіріс орындарында 80 мың, ал ауыл шаруашылығында 50 мыңнан астам жас маман еңбек етеді. Ал 5 мың жас мемлекеттік қызметтерде жүр. Бүгінге дейін 30 мың жас өскін түрлі ұйымдарға тіркелген. Міне, сол себепті біздің облыстың барлық жағынан дамуы - жастардың қолында», - деді М.Жүндібаев.

Сонан соң «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Ерлан Төлетаев сөйледі. Оның сөзінше, елімізде жастардың бастамаларына жақсы жағдай жасалған. Кәсіп игеремін дегендерге кедергі жоқ.

«Біз осы бағытта жұмыс атқарып келеміз. Партияның кадрлық резервін жасақтау да біздің міндетке жатады. Тіпті, қазірдің өзінде 7 жас депутат мәслихаттың түрлі деңгейлерінде облыстың қоғамдық-саяси өміріне араласып жүр», - деді «жасотандықтар» жетекшісі. 

«Жас Отан» жастар қанаты «Сәтті қадам» бағдарламасы бойынша екі жылда 2 мың жас маманды жұмысқа орналастырды. Ерлан Төлетаевтың сөзіне сүйенсек, қазір «Жас Отанның» 35%-ы - студенттер. Жастар қанаты облыстың әлеуетті деген 25 компаниясымен меморандум жасаған.

Жиын соңында үздік жас мамандар облыс әкімінің грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, қараша айында Астанада өтетін «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV Съезіне баратын жастар іріктелді.

Соңғы жаңалықтар