Қостанайда 32 мемлекеттік қызметші мас күйінде көлік жүргізген

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті әдеп жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзу мониторингінің қорытындысы талқыланды. Аталмыш мониторингке 6 мың мемлекеттік қызметші қатыстырылған.

«Мониторинг қорытындысы бойынша 382 мемлекеттік қызметкердің әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды. Олар 529 рет әкімшілік тәртіпті бұзған. Барлық заңбұзушылықтың 59% - көлік және жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар, 41% - басқа да тәртіп бұзу фактілері», - делінген ведомство таратқан ақпараттық хабарламада.

Мониторинг қорытындысына үңілсек, әкімшілік заң бұзу деректерінің басым бөлігі Қостанай ауданында (31) жасалған. Сонымен қатар Әулиекөл ауданында - 21, Қостанай қаласында 20 факт тіркелді. 32 мемлекеттік қызметші мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Осы жылы 3 мемлекеттік қызметші ішкі істер органдары (полиция) қызметкерінің талаптарын орындамау бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде болғаны үшін 3 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деп мәлімет таратты агенттіктегілер.

Жалпы, Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілеріне әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жалпы сомасы 10,4 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар