Қостанайда 20 мың оқушы өлкетану экспедицияларына шығады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында әлеуметтік осал санаттағы отбасыларда тәрбиеленетін 12 мыңнан астам бала сауықтыру лагерлерінде демалады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Қостанайда 12 демалыс лагері жұмыс істейтін болса, оның екеуі -жекеменшік иелігінде. Бұдан өзге, мектеп жанынан шатырлы лагерьлер өз жұмысын бастайды. Облыстық Білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюктің мәліметінше, жазғы демалыспен оқушылардың 90 пайызы қамтылады. Қалалар мен аудандар әкімдіктері халықтың әлеуметтік осал санаттарына жатқызылған 12 мыңнан астам баланы сауықтыру легерлеріне тегін жібермек.

«Демалыс лагерінде күніне 1 балаға 2082 теңге жұмсалады. Бұл мақсатта барлығы 65,8 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды қаржыландыру мәселесі шешіліп келеді. Бес лагерьге жөндеу жұмыстары қажет. Қостанай ауданы, Жанкелдин, Денисов, Әулиекөл аудандары мен Лисаков қаласындағы «Алый парус» балаларды сауықтыру орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен қаражат сұраттық. Облыстың демалыс лагерлерін жөндеу жұмыстарын орындауға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға аудан және қала әкімдіктерінен 57 млн теңгеден астам қаражат түсті», - деді басқарма басшысы.

Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу бойынша білім басқармасы кешенді жобалар жасаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында туристік-өлкетану жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінбек.

«20 мыңнан астам оқушы өлкетану экспедициялары құрамына алынып, облыстың киелі орындарын аралайды. Сондай-ақ, өңір аумағында 2 мыңнан астам шығармашылық және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Бұған 34 мың оқушы қатысады. Жаз мезгілінде Қостанай облысы жергілікті полиция қызметінің 300 қызметкері балалардың демалыс орындарын қадағалайды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың суицидтік көріністерінің алдын алу мақсатында әрбір өңір психологиялық қолдау орталықтарымен бірлесіп жұмыс жоспарын әзірлеуі тиіс. Білім беру органдары бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстайды»,- деді Василий Цымбалюк.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жазғы демалыс кезеңінде ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын толығымен орындауды тапсырды. Сондай-ақ, Қостанай облысында балалар мен жасөспірімдердің демалысын, жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру аудан-қала әкімдіктеріне жүктелді.

Соңғы жаңалықтар